«Үздік маман-2026»: «Ембімұнайгаз» АҚ-да шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталды
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының оқу-жаттығу полигонында жұмысшы мамандықтар арасында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының ІІ кезеңі өтті.
Бұған дейін Компанияның өндірістік-құрылымдық бөлімшелері базасында І туры өткен дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары болып танылған 82 ембілік мұнайшы мұнай саласы мамандықтарының 15 түрінен өзара сынға түсіп, шеберліктерін ортаға салды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Абат Құтжанов бұл сайыстың жұмысшылар үшін үлкен мотивация екенін ерекше атап өтті.
- Теориялық білім мен тәжірибені шебер ұштастыру барысында әрбір маман өзінің де, өзгенің деңгейін көреді. Сайыскерлердің әрқайсысы өз ісінің шебер маманы екенін дәлелдеуге бар күшін салады. Осы сайыста біз Ембінің ең үздік мамандарын анықтаймыз. Cол арқылы еңбек өнімділігін артырамыз. Біздің көздегеніміз де – осы мақсат, - деп атап өтті А.Құтжанов.
Айта кетейік, сайыстың осы кезеңінде 1-орын иеленген жүлдегерлер «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес мекемелері арасында өтетін «Үздік маман» байқауының финалдық кезеңіне жолдама алып, Ембінің намысын қорғайды.
Жалпы қорытынды ұпайлар бойынша командалық есепте 1 орынды «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, 2 орынды «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, 3 орынды «Доссормұнайгаз» МГӨБ ұжымы иеленді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА: A.Ertleuova@emg.kmg.kz , +7 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.