ҚМГ басшысы «Ембімұнайгаз» АҚ Прорва кен алаңдары тобының игерілуімен танысты
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) Прорва кен алаңдарында болып, мұнай-газ өндірісінің тиімділігін арттыру жобаларының жүзеге асуымен танысты.
ҚМГ басшысы 2 млн тонна мұнай қорымен өнеркәсіптік игеруге берілген Батыс Қарасор кен орнында болды. Бұл жобаны іске қосу ЕМГ жиынтық өндіріс көлемін 2026 жылы 65 мың тонна мұнайға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, компания газ өндірісін арттыруға көңіл бөлуде. Батыс Прорва кен орнында 2025 жылғы қарашада жобаның бірінші кезеңі басталып, жылына 100 млн текше метр көлемінде газ жеткізілуде. Бұған қоса, Сағидолла Нұржанов кен орнынан жылына 60 млн текше метр ілеспе мұнай газын тасымалдауға арналған нысандардың құрылысы жүргізілуде. 2027 жылы іске қосылатын келесі кезеңде өндіріс қуаттылығы жылына тағы 500 млн текше метр газға ұлғаяды.
Сондай-ақ, Асхат Хасенов Исатай ауданындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнындағы газды кешенді даярлау қондырғысының құрылысы туралы ақпаратты тыңдады. Қондырғыны келесі жылы іске қосу ішкі нарыққа тауарлы және сұйылтылған көмірсутекті газдың қосымша көлемін жеткізіп қана қоймай, осы кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына 24 мыңнан 110 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
ЕМГ алынатын қорлардың жартысынан көбін құрайтын тұтқырлығы жоғары және өткізгіштігі төмен кен орындарынан өндірілуі қиын қорларды игеруді белсенді жүзеге асыруда. Геологиялық-техникалық іс-шаралардың нәтижесінде өндірілуі қиын қорлардан мұнай өндіру көлемі биыл 750 мың тоннаға жетті, бұл жылдық өндірудің 26%-ын құрайды.
Ресурстық базаны толықтыру және мұнай өндіру көлемін сақтау мақсатында қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау жүргізілуде. Нәтижесінде 2025 жылы алынатын қорлардың өсімі 2,7 млн тоннаны құрады. Жер қойнауын геологиялық зерттеу шеңберінде болашақ перспективасын бағалау үшін бірқатар учаскелер қаралуда.
Сонымен қатар, рентабельділігі төмен кен орындарының экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін ағымдағы шығындарды оңтайландыру және операциялық тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылдың 11 айында ЕМГ 2 млн 601 мың тонна мұнай өндіріп, жоспарды 32 мың тоннаға артық орындады.
Бекітілген жоспарға сай қолға алынған іс-шаралар алдағы 5 жылда мұнай өндіруді 202 мың тоннаға, тауарлық газды өткізуді жылына 700 млн текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
ҚМГ басшысы Ембімұнайгаз басшылығына ағымдағы инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, өндірістік көрсеткіштерді арттыру, шығындарды қысқарту және қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды жалғастыру міндеттерін қойды.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.