сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен Атырауда болашақ мұнайшыларды дайындайтын оқу-өндірістік полигоны ашылды

Атырау қаласында С.Өтебаев атындағы мұнай-газ университеті жанынан болашақ мұнайшыларды дайындайтын оқу-өндірістік полигоны өз жұмысын бастады.

Ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, университет ректоры Гүлзада Шакуликова, сондай-ақ мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.

Жалпы жер аумағы 4 гектарды алып жатқан полигон «Ембімұнайгаз» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) қаржылық қолдауымен салынды. Оқу полигоны – бұл жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі.

– Еліміздің мұнай-газ секторына қажетті білікті мамандарды даярлау – ҚазМұнайГаздың алдында тұрған өзекті мәселе. Полигонда жаттығу элементтері өндірістік жағдайларға барынша ұқсас етіп салынған, студенттердің нақты операциялық міндеттерді шешуге және мұнай-газ технологияларын игеруге мүмкіндігі бар. Бұл жерде электргазбен дәнекерлеуші, токарь, оператор, машинист және басқа да мамандар тәжірибеден өтеді. Бастама Қазақстан Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» аса маңызды, – деді А.Хасенов.

Полигон заманауи зертханамен жабдықталған. Жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуді үйрету үшін екі ұңғыма бұрғыланып, болашақ мамандар практикалық тапсырмаларды орындауы үшін 15 оқу алаңы салынды.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті – осындай заманауи технологиялық базасы бар Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны.   

БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66 

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.