«Ембімұнайгаз» АҚ-да SERPIN жобасы қорытындыланды
«Ембімұнайгаз» АҚ-да (әрі қарай ЕМГ немесе Компания) жас мамандардың кәсіби және жеке дамуына бағытталған Serpin жобасы қорытындыланды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жыл сайынғы модульдік оқу аясында 28 қатысушы 5 модуль бойынша тереңдетілген бағдарламаны меңгерді.
Оқу Атырау қаласында басталып, Алматы, Өскемен, Астана қалаларында жалғасты. Корпоратативтік басқару, жетекшілік, эмоционалды интеллект тақырыптарындағы тренингтерге қоса, тауға шығу, театрдағы кеш, кітап клубы, рафтинг сияқты әсерлі іс-шаралар ембілік жастардың ерекше есінде қалды. Қорытынды кезеңде қатысушылар 7 топқа бөлініп, Компания дамуының түрлі бағыттарына қатысты жобаларын қорғады. Айта кету керек, жұмыс процестерін цифрландыру тақырыбына жас мамандар үлкен қызығушылық танытты. Соның ішінде – жасанды интеллект ассистентін енгізу, OilPoint Mobile бағдарламасын жасақту, ТМҚ жасақтау саласын цифрландыру және автоматтандыру, оқыту жүйесіне VR технологиясын енгізу және басқалары бар.
– Serpin – бұл тек жоба ғана емес, мұнайшылар үшін мүмкіндіктер алаңы. Мұнда жас мамандар өз саласының көшбасшысы мен ұйымдастырушысы болуды үйреніп қана қоймай, тиімді коммуникативті дағдыларын шыңдап, өндірістің тұрақтылығы мен тиімділігін одан әрі арттыра алатын идеялардың авторы болады, – деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов.
Serpin жобасының алғашқы 2 маусымында 56 жас маман оқыды. Олар жасақтаған жобалардың кейбіреуі Компанияның өндірістік процестеріне енгізілуде.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.