сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ үздік мамандарды анықтады

Мұнай-газ саласы жұмысшыларының біліктілігін және кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал ететін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның дәстүрлі шарасы – «Үздік маман-2025» кәсіби шеберлік байқауы. Биыл байқаудың екінші кезеңі «Жайықмұнайгаз» МГӨБ оқу-жаттығу полигонында 81 қатысушының басын қосып, 15 мамандық бойынша жұмысшылар өздерінің дайындық деңгейін көрсетті. Байқаудың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткізілуі – білікті жұмыс күші мен өндіріс мамандарының экономикаға қосатын үлесі зор екенін көрсететін символикалық мәнге ие.

Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі өндірістік-құрылымдық бөлімшелер деңгейінде өтті. Байқауға қатысушылардың үздіктері екінші турға өтіп, теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды.

– Ембінің табысты болуы қызметкерлеріміздің біліктілігі мен кәсібилігіне тікелей байланысты. «Үздік маман» байқауын ұдайы ұйымдастыра отырып, бiлiктiлiгiн одан әрi шыңдау үшін үздік мамандарды iздейміз. Әрбір қатысушы конкурстық іріктеу барысында өзін жан-жақты қырынан көрсетіп, сол арқылы өз саласында ең жоғары деңгейге жетеді. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі, қауіпсіздік деңгейі және өндіріс тиімділігі артады. Ал, бұл – біздің басты мақсатымыз, – деді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет.

Байқау жетекші мамандарды анықтап қана қоймай, жұмысшы мамандықтардың әсіресе, жастар арасында беделін көтеруге септігін тигізеді. Байқау қатысушылары қатарында әр жыл сайын жас мамандар қатары көбейіп келетіні кәсіпорынның тұрақты болашағына сенім ұялатады.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақы, имидждік сыйлықтар тапсырылумен қоса, бір жыл бойы жалақыларына пайыздық үстемеақы қосылады.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: 
І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.