Ішкі жаттықтырушылар мектебі: идея жетекшілері
«Ембімұнайгаз» АҚ-да мамандар арасында тәлімгерлікті дамыту мақсатындағы жаңа жоба – «Ішкі жаттықтырушылар мектебі» іске қосылды. Оқу бағдарламасы Қазақстанның бірнеше қалаларында: Атырау, Алматы, Астана мен Бурабайда өтетін екі-үш күндік 5 модульден тұрады.
Барлық қатысушылар, Компанияға қарасты 6 құрылымдық бөлімшеден 25 адам бүгінгі таңда өзекті саналатын кез-келген тақырыпты зерттеп, компания қызметкерлеріне жеткізе алатын ішкі жаттықтырушылар пулын құрайды. Олар компанияның алдында тұрған өзекті міндеттерді қарапайым және түсінікті түрде әріптестеріне түсіндіреді және оны орындауға шақырады.
– «Ембімұнайгаз» АҚ өз қызметкерлерінің жан-жақты дамуына, соның ішінде коучинг дағдыларын қолдана отырып, өзгелерді оқыту қабілетіне де ерекше көңіл бөледі. Қазіргі заманғы мұнай өндіру кәсіпорны үшін өзекті тақырыптар бойынша тренер болу – оңай емес. Бұл қызмет аудиториямен байланыс орната білу, шешендік шеберлік, тіпті қызығушылық танытпаған қатысушылардың да назарын аудара алу және жалпы алғанда – адам өзін жан-жақты жетілдіруді талап етеді, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов.
Сабақ кезінде қызметкерлердің оқыту қабілеттері компания үшін маңызды тақырыптар бойынша: озық өндіріс технологиялары, тұрақты даму, экологиялық тазалық, ресустарды ұқыпты пайдалану, әлеуметтік жауапкершілік және т.б. бойынша қалыптастырылады.
Болашақ жаттықтырушылар пулына үміткерлер қазақстандық жетекші жаттықтырушылар мен кәсіби актерлерден теориялық және практикалық курстардан өтеді. Одан кейін сторителлинг, яғни, кез-келген тақырыпты логикалық тұрғыдан түсінікті әрі қызықты ашуды, жайсыз сұрақтарға жауап беруді, аудитория алдында өзін сенімді ұстауды меңгереді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.