сайт статистики

Ақпараттық хабарлама

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ-да (әрі қарай – ЕМГ немесе Компания) «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының ұйымдастыруымен форум өтті. Салтанатты шараға ЕМГ өндірістік-құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің бір топ қызметкерлері қатысты.

Кеш қонақтары – нәзікжандыларды құттықтаған «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов: «Мұнай саласы негізінен ер-азаматтарға тән дегенімізбен, әйелдердің де аталған салада өзіндік маңызды орындары бар. Олар сәйкесті міндеттемелерін табысты орындап, Компанияның жұмысына баға жетпес үлес қосуда. Осы ретте мұнайшы әйелдерді біріктіретін, олардың мәртебесін арттырып, әлеуетін ашуға, кәсіби, жеке және рухани өсуіне ықпал ететін «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының ролін ерекше атап өткім келеді. Сіздерді мерекемен құттықтаймын! Сәттілік пен амандық тілеймін!» деді.

Биылғы көшпелі форум «Қайнармұнайгаз» МГӨ басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Басқарма қызметкерлері қоршаған ортаға ұқыпты қарау және су ресурстарын сақтау тақырыбы бойынша театрландырылған қойылым ұсынып, қазіргі қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірін көтерді.

Компанияның дамуына үлес қосқан және «Мұнайшы қыз» клубының жұмыстарына белсенді қатысқан бір топ қызметкерлерге «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және «Мұнайшы қыз» клубының дипломдары табысталды.

Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ «Мұнайшы қыз» клубы 2018 жылдың 6 наурызында құрылған. Оның мақсаты – ішкі коммуникацияны дамыту және мұнай-газ саласында еңбек ететін әйелдер ролін көтеру. Осы уақыт аралығында клубтың бастамасымен түрлі форматтағы көптеген іс-шаралар, соның ішінде мемлекеттік қызметте және мұнай-газ саласында еңбек ететін әйелдердің қатысуымен екі рет республикалық форум  ұйымдастырылды.

Форум ҚР еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забированың жеке концертімен аяқталды.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: 
І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2023 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 608 млрд. 835 млн. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 6 млрд 437 млн теңгеге жуық қаражат аударды.