Ақпараттық хабарлама
«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Тайсойған селолық округіндегі жолдардың ластануы туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты хабарлайды:
2025 жылдың 12 ақпанында «Ембімұнайгаз» АҚ «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Тайсойған-1 учаскесіндегі СТ-1 барлау ұңғымасын бұрғылау барысында шыққан бұрғылау қалдықтарын арнайы техникамен тасымалдау кезінде қалдықтардың жерге төгілгені анықталды.
Барлау ұңғымаларының құрылыс жұмыстарының келісім-шартына сәйкес бұрғылау қалдықтарын тасымалдауды, өңдеуді және кәдеге жаратуды «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бизнес-серіктесі - «МұнайСервис Лтд» ЖШС жүзеге асырып жатқанын атап өткен жөн.
Қазіргі уақытта ЕМГ мердігер мекемемен бірлесіп, қара жолдың ластанған жерлерін жою және тазалау бойынша жедел шараларды қолға алды. Қалдықтар төгілген аумақты тазалау жұмыстарына 15 адам және арнайы техникалар бөлінді. Талдау жұмыстарын жүргізу үшін топырақ үлгілері алынды. Жағдай Компания басшылығының жеке бақылауында.
«Ембімұнайгаз» АҚ экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше мән береді.
Орын алған жағдайға байланысты тексеру ұйымдастырылып, мердігер мекемеге ластану салдарын дереу жою және алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау шараларын қолға алу талап етілді.
Компания қоршаған ортаға тиетін зиянды барынша азайту мақсатында мердігер мен қосалқы мердігер мекемелердің экологиялық стандарттар мен талаптарды сақтауын үнемі қадағалап отырады.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс тобы