сайт статистики

ҚМГ басшысы «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысына қатысты өндірістік жиналыс өткізді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ) қызметіне қатысты өндірістік жиналыс өткізді.

ЕМГ бас директоры Ринат Ізмұханбет 2024 жылғы жұмыстың басты қорытындылары бойынша есеп берді. Компанияның мұнай өндіру көлемі 2,79 млн тоннаны құрап, жоспар 17 мың тоннаға асыра орындалды.

Батыс Прорва кен орнындағы газ шоғырын игеру үшін инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары қолға алынды. Жоба үш кезеңмен іске асырылады.

2025 жылы маусымда бірінші кезеңі іске қосылады деп жоспарланып отыр, бұл мұнай өндіру көлемін жылына 45 мың тоннаға және газ өндіруді 160 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екінші және үшінші кезеңдер 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Екінші кезең газ дайындаудың өндірістік қуатын 350 млн текше метрге жеткізеді, ал үшінші кезеңде 600 млн текше метрге шығуды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар биыл «Прорва мұнай дайындау және айдау цехын реконструкциялау және жаңғырту» жобасын әзірлеу жұмыстары басталады. Ол ескірген жабдықты кезең-кезеңімен ауыстыруға және технологиялық схеманы жаңартуға бағытталған. Бұл жабдықтың сенімділігін арттыруға және өнім беруді жылына 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңғырту жаңа кен орындарда өндіру көлемінің жоспарлы ұлғаюына байланысты жүргізіледі.

Жыл соңына дейін Батыс Қарасор кен орнында мұнай өндіруді бастау міндеті қойылды. Бұл игерудің ең жоғары деңгейінде қосымша 60-65 мың тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Тағы бір инвестициялық жоба – Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында газ дайындау қондырғысын салу жоспарда. Кен орындарында игеру жұмыстарын бастау ең жоғары деңгейінде жылына 100 мың тонна мұнай алуға мүмкіндік береді.

Жұмыс істеп тұрған кен орындарын қосымша барлау іс-шаралары да қаралды.

Бұл жобаларды іске асыру мұнай мен газ өндіру көлемін ұлғайтуға, компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

Сондай-ақ Ембімұнайгазға ескі кен орындарды тиімді деңгейге шығару міндеті қойылды.

«Мұнай беруді арттыру мәселесіне ден қоя отырып, операциялық тиімділікті арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет», — деп түйіндеді А.Хасенов.