сайт статистики

Геологиялық барлаудың жаңа кезеңі

Форум Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы мен «KAZENERGY»  қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. Шараға ҚР Энергетика министрлігі, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ қолдау көрсеткен. Форумның демеушілері «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және тағы басқа компаниялар болды.  

Форумның мақсаты – – геология саласының дамуына белсенді түрде ықпал ету, инновациялық технологиялар мен инвестицияларды тарту.  

- Форумға Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарының жағдайы, жер қойнауының ресурстық әлеуетінің келешегі мен оны саралау, көмірсутектің ресурстық базасын орындау, теңіз кен алаңдарын игерудің ерекшеліктері, инновациялық технологияларды қолдану және тағы басқа мәселелер талқылауға ұсынылған. Бұл мәселелердің барлығы жоғары тереңдіктегі шөгінділерді  іздестіруге көшкен бүгінгі таңда өзекті болып келеді, - деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ Маңғышлақ және Каспий бассейндерінде, соның ішінде, Өзен және Қаратон кен орындарында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының қорытындыларымен бөлісті:

- Біз бұрынғы геологиялық барлау жұмыстарын саралай келе, Өзен және Қаратон кен алаңдарында бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін үш ұңғыны таңдадық. Белгілі бір ұжымішілік келісімдерден кейін біз Өзен кен алаңында тұңғыш рет 6 шақырым тереңдікте палеозойлық шөгінділерді зерттеуді бастаймыз.

Қ.Есқазиевтің мәлімдеуінше, алынған 3Д сейсмикалық қорытындылар негізінде мамандар Қаратон кен алаңының тұзасты кешенінде шөгінділерді анықтау мақсатында жаңа ұңғыларды қосуға үш орынды қарастырды. Ұсынылған әр жобалық ұңғыға бағалау жүргізілді.

- Соңғы жылдары ЕМГ-де өндірістің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру, бизнес-үдерістерді жүйелендіру және оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, бизнесті дамыту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылды, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ геологиялық барлау саласындағы жаңа қадамдарға арналған сессиядағы  баяндамасында.

Баяндамашының мәлімдеуінше, «Ембімұнайгаз» үшін басты мәселе – қорларды толтыру. Сондықтан, Компанияның негізгі қызмет бағыттарының бірі – геологиялық барлау болып табылады.

- Атқарылған жұмыстар соңғы бірнеше жылда қолданыстағы кен орындарындағы қорларды ұлғайтуға мүмкіндік берді және осы бағытта жұмыс жалғасуда, - деді Ә.Жақсыбеков.

ЕМГ басшысының Форумдағы тағы бір баяндамасы Компанияның кен алаңдарында цифрландыру жобасын іске асыру тақырыбына арналды. 

- 2016 жылы «Интеллектуалды кен алаңы» жобасы «Уаз» кен алаңына пилотты түрде енгізіліп,  2017 жылы ол Прорва кен алаңдары тобына таратылды. Биыл бұл жоба екі кен орнында - «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің – Жаңаталап және «Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің Шығыс Мақат кен алаңындарында іске асырылуда. Уаз кен орнында «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасын енгізу нәтижесінде 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жөндеуаралық кезең 1500 күнге дейін артып, ал, 2017 жылы энергияны үнемдеу 35% -дан асты, - деп ойын түйіндеді ЕМГ басшысы.

Халықаралық форум аясында 35 жасқа дейінгі жас мамандар-геологтар арасында «Ізбасар» байқауы ұйымдастырылды. Байқауда «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің С.Нұржанов атындағы кен орнының ІІ категориялы геологы Ербол ЖҰМАҒҰЛОВ «Геология саласының жас шебері» номинациясының жеңімпазы атанып, 200 000 теңге сертификатына ие болды.

«Kazakhstan Geology Forum: Oil&Gas 2018» Форумы аясында БАҚ қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Геология жайлы кәсіби көзқарас» байқауында Қазақстанның құрметті журналисі, Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетін ұзақ жылдар бойы басқарған Любовь МОНАСТЫРСКАЯ «Баспасөз және интернет-ресурстардағы мұнай және газ геологиясы жөніндегі үздік журналистік жұмыс» номинациясы жеңімпазы атанып, 200 000 теңге сертификатына ие болды. Любовь Михайловна бұл байқауға отандық геологиялық барлау саласы, белгілі қазақстандық геологтар және бұл саланың проблемалары туралы жазылған он шақты жұмысын тапсырған. Байқауда ІІ орынды Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері Кенжебек СЕЙТМҰХАММЕДОВ иеленді. Ол байқауға «Ел мақтаныштары – Мұнайшы-геологтар VI» энциклопедиялық жинағын ұсынған.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.