
Студенттерді оқыту
Студенттер оқуының төлеміне қатысты
Өткен жыл қорытындысы бойынша көмірсутектерін және (немесе) уран өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы жұмсаған өндіру шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру Ережесінің талаптарына сәйкес (бұдан әрі - ҚР ЭМ Ережесі) (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 бірлескен бұйрығымен бекітілген) жер қойнауын пайдаланушы келісімді міндеттемелерінен түскен қаржысының кемінде 30 % әлеуметтік – осал категорияға жататын студенттердің оқуына ақы төлеуге жұмсайтынын қаперге береміз:
- толық емес отбасы;
- көп балалы отбасы;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар;
- мүгедектігі бар тұлғалар;
- ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек тұлғалар;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-14 «Кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген тізімде көрсетілген, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар.
Оқу ақысын төлеу үшін іріктеуге барлық ҚР азаматтары жіберілетіндіктен және 2025 жылға қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға қаражат шектеулі болатындықтан, Комиссияның қарауына жоғарыда көрсетілген әлеуметтік осал категорияларға жататын және Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген (14.05.2018 жылғы № 17 хаттама), «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қаражаты есебінен оқыту ақысын төлеу үшін үміткерлерді іріктеу қағидасы бойынша үлгерім критерийлеріне сәйкес келетін ҚР-ның азаматтары - студенттердің құжаттары ғана шығарылатын болады.
Қоғам қаржысы есебінен оқу ақысын төлеуге кандидаттар іріктеудің негізгі критерийі болып үлгерім баллы саналады:
- бірінші оқу жылында студенттерде ҰБТ нәтижесі бойынша жинаған баллының саны болуы тиіс:
- жоғары оқу орнына түскендер – ҰБТ баллының ең жоғары санының кемінде 80 %;
- орта оқу орнына түскендер ҰБТ баллының ең жоғары санының кемінде 50 %;
- 9-шы сыныптан соң орта кәсіптік оқу орнына түскен студенттердің негізгі орта білімі туралы куәлігі бойынша бес баллдық бағалау шкаласымен орташа 4,2 балл оқу үлгерімі болуы тиіс;
- шетелдік оқу орнына түскен студенттердің (ҰБТ нәтижесі болмаған жағдайда) негізгі орта білімі туралы куәлігі бойынша бес баллдық бағалау шкаласымен орташа 4,5 балл оқу үлгерімі болуы тиіс;
- орта кәсіби оқу орнынан соң жоғары оқу орнына түскен студенттердің дипломы бойынша бес баллдық бағалау шкаласымен орташа 4,5 балл оқу үлгерімі болуы тиіс;
- екінші және одан кейінгі оқу жылдарында студенттер басқа оқу үлгерімін бағалау шкалаларында бес балдық үлгерімді бағалау шкаласы немесе баламалы бағалау бойынша соңғы оқу жылындағы келесі орташа үлгерім балына ие болуы керек:
- ҚР жоғары оқу орындарының студенттері - кемінде 4,5 балл;
- шетелдің жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының студенттері - кемінде 4 балл;
- орта кәсіптік оқу орнының студенттері - кемінде 4,2 балл.
Үлгерім бойынша критерийлер, жетім балалар есебіндегі студенттерді қоспағанда, барлық студенттерге қатысты қолданылады.
Сонымен бірге, оқыту ақысы Қоғам, білім беру ұйымы және студент арасында (тапсырма шартымен рәсімделетін шетелдік ЖОО-нан басқа) үш жақты шарт жасау арқылы тікелей білім беру ұйымына аударылатынын хабарлаймыз.
Іріктеу критерияларына сәйкес келетін бірінші және одан кейінгі оқу жылдарындағы жоғары оқу орындарының студенттерінің немесе орта кәсіби білім алатын оқушылардың құжаттарын қабылдау 2025 жылдың 15 тамызына дейін Атырау қаласы, Уәлиханова көшесі 1, «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесі мекенжайы бойынша жүзеге асырылады. Жауапты тұлға Бақтығали Айнур (Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаменті).
Қосымша:
1) Өтініш формасы;
2) Құжаттар тізімі.