Жаңа жүйе жан-жақты түсіндірілді
Бірыңғай жалақы төлеу жүйесін (БЖТЖ) енгізу үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен күшіне енді. Жаңа жүйеге қашан да жатырқай қарайтын әдетіміз де бары рас. Соған орай «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша «Жұмыс тобы» құрылып, ол өндіріс ошақтарына, кен орындары басына барып еңбек ұжымдарымен кездесті, жаңа жүйені түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біз топ мүшесі, «Ембімұнайгаз» АҚ Бюджеттеу және экономикалық талдау департаментінің директоры Нұрсәуле Әжіғалиқызы Тәжімағамбетовамен сұхбаттасып, мұнайшылардың жаңалықты қаншалықты ұғынғаны туралы сұраған едік.
- Нұрсәуле Әжіғалиқызы, Компания бойынша 1 сәуірден бастап күшіне енген Жаңа жалақы төлеу жүйесіне көшуге қатысты комиссия құрылды, оның құрамында қандай мамандар болды, мұнайшылар қауымына осы мәселені түсіндіру жұмыстары қалай өтті?
- Компания бойынша бірыңғай жалақы төлеу жүйесін енгізу туралы бұйрыққа сай, оны түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, арнайы жоспар жасалды. Жұмыс тобының құрамына «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры, оның экономика және қаржы, жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарлары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, бірнеше департамент директорлары, еңбек және еңбекақы бөлімі мамандары болды.
Кестеге сәйкес, жұмыс тобы «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» МГӨБ және «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармаларында болып, наурыздың 14 мен сәуірдің 4 аралығында ұзын-ырғасы 20 еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа жалақы жүйесінің механизмдері түсіндіріліп, жұмысшылардың жалақысы қалыптасуының негізгі принциптері туралы тұсаукесер өткізілді.
Бұрын жұмысшы мамандықтар разрядтарға бөлінген болса, енді жаңа жүйеде оның тарифтік жүктемесі разрядына, категориясына және жұмысының күрделігіне байланысты болады.
- Мұнайшылар бұл жаңалықты қалай қабылдады?
- Меніңше, жақсы қабылдап, түсіністікпен қарады деп ойлаймын. Кездесу кезінде негізінен жұмысшылар мамандағы туралы көбірек айтылды. Себебі, өндірістің 80 пайызын қамтитын да осы жұмысшы өкілдері ғой.
- Жаңа жалақы жүйесі туралы «Анықтамалық» шығарылатыны айтылды, ол бүгінгі күнде дайын ба, басқармаларға таратылды ма, онда не көрсетілген?
- «Анықтамалық» «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ жұмыс тобымен жасақталған болатын. Бүгінгі күні ол дайын. Оған мұнайгаз барлау және өндіру бизнес-бағытындағы 351 жұмысшы мамандықтары енгізілген. Анықтамалық өндіріс орындарына түгел жеткізілді, одан әр жұмысшы өзінің мамандығын қарай алады. Онда мамандығының атауы, разряд түрлері, категория және күрделілік деңгейі көрсетілген. Бұл «Анықтамалық» бірыңғай жүйені құрайды және ол тек бізде ғана емес, «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-да да қолданылады.
- Жаңа жүйе бойынша мұнайшыларды не күтіп тұр, олардың жалақысы бұрынғыдан төмендемей ме. Ол үшін нақты маманның алатын жалақысын мысалға келтіріп айтсаңыз?
- Алдымен айта кетерлігі, Біріңғай жалақы төлеу жүйесіне көшкен кезде жалақыны көтеру мақсат етіп қойылмағанын түсінуіміз керек. Мұндағы мақсат барлық компаниялардағы жалақы төлеу жүйесін біріздендіру болды. Дейтұрғанмен, біздің компания үшін көптеген жұмысшыларға ол жалақының өсімін білдірді. Мәселен, 4 разрядты мұнайгаз өндіру операторының бұрынғы жүйе бойынша сағаттық тарифтік жүктемесі 920,14 теңгені құрады.
Енді, 01.04.2014 жылдан бастап оның сағаттық тарифтік жүктемесі 1 187, 52 теңге болады. Президенттік 10 пайызды қосқанда барлық өсім 29 %. Мен сағат бойынша айтып отырмын, өйткені бізде мұнайшылар вахталық әдіспен жұмыс жасайды және айлық тарифтік жүктеме (оклад) оның бір ай ішіндегі жасаған жұмыс күндеріне байланысты болады. Ол бір айда 14 күн жасаса, келесі айда 16 немесе 17 күнді құрауы мүмкін. Жалпы, жұмысшылардың жалақысында бұрынғыдан төмендеу болмайды.
- Сіздер барып түсіндірген ұжымдар, мұнайшылар қауымы жаңа жүйені түсінді деуге болады ғой, олар тарапынан басқа тағы қандай сауалдар болды?
- Сұрақтар негізінен жұмысшылардан түсті, олардың әрқайсысын өзінің жалақысы қаншаға өсетіні қызықтырды. Соның ішінде, барлық дерлік өндіріс орындарында 2-разрядты техникалық қызметкерлер (тазалықшылар) келіп, жалақыларының өсіп жарымағандығына шағымданды.
Олардың айлық тарифтік жүктемесі 79951 теңге, 1 сәуірден бастап 80648 теңге болады (Президенттік 10 пайызды қосқанда), өсім 8697 теңге, сыйақысымен қосқанда 107 503 теңге, өсім 11808 теңгені құрап отыр. Сонда өсім бар деген сөз. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, БЖТЖ-ге көшу еңбекақы өсімін білдірмейді, ол басқа компаниялармен біріздендіруді көздейді.
- Елбасы айтып өткендей мұнайшылар үшін жалақыға 10 пайыз үстеме қосу жүзеге асырыла ма?
- Сөз жоқ, Елбасының тапсырмасына орай жалақы барлығына 10 пайызға өседі.
- Әңгімеңізге рахмет!
Қосұйым Мұқашев.