«Қара алтынның» артында – қарапайым адам
«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» АРТЫНДА – ҚАРАПАЙЫМ АДАМ
Қасиетті Нарын құмының қойнауында жатқан «қара алтын» – ел экономикасының қуатын арттырып, өндіріс өрісін кеңейтіп отырған стратегиялық байлық. Ғасырдан астам тарихы бар Ембі мұнайының әр тамшысының артында маңдай тері мен кәсіби білімі, табандылығы мен жауапкершілігі тоғысқан тұтас бір еңбек шежіресі жатыр. Сол мол мұраны игеріп, ел игілігіне жаратып отырған іргелі өндіріс орындарының бірі – «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы. Қазыналы Ембі төсіндегі дәстүрлі өндірістің сабақтастығын сақтай отырып, кәсіпорын бүгінде мұнай-газ саласының тұрақты дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Басқарма облыста өндірілетін мұнайдың 32,5 пайыздан астамын өндіру арқылы өңірдің ғана емес, ел экономикасының дамуына да елеулі үлес қосып отыр. Өндіріс ауқымы да, жауапкершілік жүгі де аз емес. Бүгінде басқарманың өндірістік құрылымында бес мұнай-газ өндіру цехы және он кен алаңы жұмыс істейді. Бүгінде басқармада 860 қызметкер еңбек етіп, мұнай өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында тер төгуде. Олардың әрқайсысы – өз ісінің білгірі, өндірістің бір-бір буынын берік ұстап тұрған маман.
Мұнайшының еңбегі – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ ел экономикасының тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін жауапты кәсіп. Аптап ыстыққа да, ызғарлы суыққа да қарамай, өндіріс ырғағын бұзбай еңбек ету осы мамандық иелеріне тән табандылықты талап етеді. Сондықтан Ембі мұнайының тарихын бүгінге жеткізіп, оның ертеңіне жол салып келе жатқан қарапайым еңбек адамдарының орны айрықша. Ал осы таңдауды абыроймен атқарып, мұнайлы өлкенің өндіріс шежіресіне өз қолтаңбасын қалдырып жүрген мамандардың әрқайсысы – ел құрметіне лайық жандар. Біз осы өндіріс ошағында ел игілігі үшін еселі еңбек етіп жүрген сала саңлақтары мен қарапайым еңбек адамдарының өнегелі жолын төл мерекелері қарсаңында сөз етпекпіз.
МҰНАЙЛЫ ЖОЛДЫҢ МЫҒЫМ ТҰЛҒАСЫ
Адам өмірінде мамандықтың орны бөлек. Ал таңдаған кәсібіне ғұмыр бойы адал болып, бір саланың ыстығы мен суығын қатар өткеру – екінің біріне бұйыра бермейтін абыройлы жол. Құраш Мақұловтың қырық жылға жуық еңбек жолы – осы кәсіпке деген адалдықтың айқын көрінісі.
Хамит Ерғалиев ауылының тумасы еңбекке ерте араласып өсті. Ауыл тіршілігінің қазанында қайнаған бала күнінен-ақ өмірден өз орнын табуды ойлады. Мектеп қабырғасында жүргенде көлік жүргізушісі болуды да армандаған кезі болды. Бірақ азаматтық борышын өтеп, елге оралғаннан кейінгі таңдауы оны мұнай өндірісіне алып келді. 1983-1985 жылдары Кеңес әскерінің қатарында қызмет еткен Құраш Көпбергенұлы 1985 жылы еңбек жолын «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының Қамысты кен орнында мұнай және газ өндіру операторы болып бастады. Сол күннен бері оның өмірі өндірістен ажыраған емес.
Бүгінде Құраш Мақұлов «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнындағы №2 мұнай және газ өндіру цехында 5-дәрежелі оператор болып еңбек етеді. Жылдар өте өндірістің қыр-сырын жетік меңгеріп, жинаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді. Өйткені мұнай өндірісінде тәжірибенің орны бөлек. Мұнда жылдармен келген білім мен кәсіби машықтың әрқайсысы маңызды.
Еңбегі еленген ердің абыройы да асқақ. Құраш Мақұловтың өндірістегі көп жылғы еңбегі «Жайықмұнайгаз» мекемесінің 40 жылдығына арналған медальмен, «Қазақ мұнайына – 100 жыл» мерекелік медалімен, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен бағаланған. Ал өткен жылдың қазан айы оның еңбек жолындағы айрықша белестердің біріне айналды. Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан «Еңбек даңқы» III дәрежелі орденін алды. Бұл әрине бір күндік еңбектің немесе бір сәттік жетістіктің нәтижесі емес. Бұл – 1985 жылы Қамысты кен орнында басталған еңбек жолының, қырық жылға жуық уақыт бойы таңдаған кәсібіне деген беріктіктің берілген бағасы. Өндірістің бейнетін көріп, жауапкершілігін арқалап, өз ісіне адал болған еңбек адамының еңбегі осылайша ел алдында еленді. Марапатты қолына алған сәтте оның ойында осы жылдар ішінде бірге еңбек еткен әріптестері, өндірістегі талай ауысым, талай еңбек күні оралғаны анық. Өйткені еңбек жолының әр белесінде адамның жеке жетістігімен қатар, оны шыңдаған орта мен бірге жүрген жандардың да үлесі бар.
Ал қазір ардагер мұнайшы – жас мамандарға ақылын айтып, көрген-білгенін бөлісіп жүрген өндірістің тәжірибелі маманы. Оның өмір жолы бір кәсіпті таңдап қана қою аз екенін, сол таңдауға жылдар бойы адалдық таныта білу керектігін көрсетеді. Кезінде ауыл баласы сан түрлі мамандықты армандады. Ал бүгін сол бала қырық жылға жуық уақытын мұнай өндірісіне арнаған өз саласының үздігіне айналды.
ӨНДІРІСТЕГІ ӨР МІНЕЗДІ ШОЛПАН
Өндіріс – төзімділік пен табандылықты, жауапкершілік пен жігерді қатар талап ететін ауыр еңбек алаңы. Осы бір қайнаған тіршіліктің бел ортасында ер-азаматтармен қатар иық тірестіріп, маңдай терін төгіп жүрген нәзік жандылардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – мұнай және айдау цехының пультпен басқару операторы Шолпан Ғұмарова.
Шолпан Тілепбергенқызы Аққыстау ауылында дүниеге келген. Мұнайлы өлкенің тыныс-тіршілігін көріп өскен Шолпанның бала күнгі арманы да осы өндіріс саласымен сабақтас еді. Өйткені оның көз алдында таң сәріден жұмысқа асыққан мұнайшылардың бейнесі қалыптасты. Әр үйден азанмен жұмысқа кетіп бара жатқан үлкендерді көріп өскен ол, мұнайшылардың тіршілігімен бала кезінен таныс болған. Сол кісілер сияқты мұнайшы болу балалық арманының бір бөлігіне айнала бастаған. 1991 жылы Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсіп, «Мұнай және газ геологиясы» саласы бойынша тау-кен геолог-инженері мамандығын меңгерді. 1997 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Ал 1998 жылдың мамыр айында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасып, мұнай саласындағы ұзақ та мағыналы еңбек жолы басталды. Алғашқы қызметі – зерттеу операторы. Өндірістің тыныс-тіршілігіне етене араласып, жұмыстың қыр-сырын меңгере бастады. Кейін мұнай өндіру операторы болып еңбек етті. Одан соң зертханада лаборант қызметін атқарды. Әр қызметтің өзіне тән жауапкершілігі мен ерекшелігі бар. Ал кейіпкеріміз үшін осы жұмыстардың әрқайсысы кәсіби тұрғыдан шыңдалудың, тәжірибе жинаудың үлкен мектебіне айналды. Бір қызметтен екіншісіне ауыса жүріп, ол өндірісті әр қырынан таныды. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, мұнай өндірісіндегі әр үдерістің маңызын терең түсінді. Жылдар өте келе жинақталған осы тәжірибенің қазіргі жұмысына тигізер пайдасы мол екенін тілге тиек етті.
Бүгінде Шолпан мұнай және айдау цехында пультпен басқару операторы болып еңбек етіп келеді. Бұл қызмет өндірістік процестерді жіті бақылауды, технологиялық режимдердің дұрыс жүруін қадағалауды және әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Мұнда ұқыптылық пен қырағылықтың, біліктілік пен жинақылықтың маңызы зор. Өндірістің әр кезеңін өз қолымен көріп, тәжірибеден өткізген маман үшін қазіргі жұмысының қыр-сыры да жақсы таныс. Себебі өндірістің бүкіл тізбегін тәжірибе арқылы өткерген адам ғана оның әр бөлшегінің маңызын терең түсінеді. Мұнай өндірісі – жеңіл еңбек емес. Ол да жылдар бойы ауысымдық әдіспен жұмыс істеп, вахтада айдың он төрт күнін өткізеді. Бұл – жұмыстың жауапкершілігінен бөлек, отбасы мен еңбек міндетін қатар алып жүруді, кез келген жағдайда төзімді әрі жинақы болуды талап ететін өмір салтына айналды. Қатаң тәртіп пен ауыр еңбекке қарамастан, өз ісіне адалдық танытып, кәсіби міндетін абыроймен атқарып жүрген әйелдердің еңбегі көпке үлгі.
ТАҒДЫРДАН ТАЙСАЛМАҒАН МҰНАЙШЫ
Мұнай өндірісі – мінезі мықтылардың саласы. Мұнда маңдай термен бірге төзім, жауапкершілік пен табандылық қатар сыналады. Өндірістің қызған тіршілігінде ер-азаматтармен қатар еңбек етіп жүрген мүгедектігі бар жандардың әрқайсысының артында өзіндік тағдыр, өмірлік күрес бар. Бүгінде «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында 16 мүгедектігі бар азамат еңбек етеді. Солардың бірі – Аққан Жәңгірбайұлы.
Оның мұнай саласындағы еңбек жолы сонау 1993 жылы басталған. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта ол өндірістің талай белесін көріп, түрлі қызмет атқарып, мұнай кәсібінің қыр-сырын меңгерді. 2013 жылдан бері аталған мекемеде еңбек етіп келеді. Қазір 4-разрядты жөндеуші слесарь.
Аққан Жәңгірбайұлы үшін мұнай өндірісі – жалақы алатын жұмыс орны ғана емес. Бұл – жастық шағы, жинаған тәжірибесі, әріптестері, өмірінің тұтас бір бөлшегі. Алайда адам өмірі бірқалыпты жол емес. Кейде тағдыр аяқ астынан сынақ ұсынады. 2024 жылы Аққан Жәңгірбайұлының өмірінде сондай ауыр кезең басталды. Екінші типтегі қант диабеті салдарынан бірнеше рет ота жасалды. Алты операциядан кейін оң аяғын тізеден төмен ампутациялауға тура келді. Бір сәтте өмірдің үйреншікті ырғағы өзгерді. Бұрынғыдай жүру, бұрынғыдай жұмыс істеу, бұрынғыдай күн кешу – бәрі қайтадан басталатын сынаққа айналды. Бірақ Аққан сынбады. Ол тағдырдың алдында қолын бір сілтеп, өзіне «енді қолымнан ештеңе келмейді» деген үкім шығарған жоқ. Керісінше, өмірге қайта бейімделуге, еңбек етуге, өз мүмкіндігін пайдалануға талпынды.
– Өмірлік ұстанымым – еш қиындыққа қарамай жұмыс істеу. Егер мүмкіндік болса, «мына жерім ауырады» деп тоқтап қалмай, еңбек еткеннің өзі үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Әрине, мұндай кезде жұмыс берушінің қолдауы өте маңызды. Қазіргі кезде мен үшін ең маңыздысы – тұрақтылық, тыныштық және өз мақсатыма жету. Қандай уақытта да қолдауын аямайтын мекемеме және ұжымдастарыма алғысым шексіз,-дейді ол.
Бұл сөздердің астарында жай ғана еңбекке деген құштарлық емес, өмірден түйген үлкен сабақ жатыр. Осындай сәтте адамның жанынан табылатын қолдаудың орны бөлек. Мұны Аққанның өзі де ерекше атап өтеді. Денсаулығына байланысты қиындық туындаған кезде «Жайықмұнайгаз» мекемесі оны назардан тыс қалдырған жоқ. Басшылық тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіліп, оңалту шараларына жәрдем берілді. Қызметкерге жыл сайын санаторий-курорттық емделуге жолдама беріліп, денсаулығын қалпына келтіруіне мүмкіндік жасалып келеді. Ал әріптестерінің қолдауы оның рухына демеу болды. Бүгінде ол бұрынғыдай өндірістің бел ортасында жүр. Әрине, өмірінде өзгеріс бар. Бірақ ең бастысы – оның жігері өзгерген жоқ. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жинаған тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісуге тырысады. Еңбекке деген көзқарасы да сол қалпында. Иә, нағыз беріктік – қиындықтың болмауы емес, қиындыққа қарамастан алға қарай жүре білу. Ал кейіпкеріміздің бүгінгі еңбегі – осының үнсіз дәлелі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ,
«Нарын таңы» қоғамдық-саяси газеті
№35 (4300)
4 қыркүйек, 2026 ж.