сайт статистики

Мұнай тарихындағы жарық із

Мақат кентінен оңтүстікке қарай 70 шақырым қашықтықта орналасқан Қарсақ кен орны – еліміздің мұнай-газ саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан стратегиялық маңызды өндіріс ошақтарының бірі.

1960 жылы игеріле бастаған бұл кен орнындағы алғашқы барлау-бұрғылау жұмыстары ел экономикасының қарқынды дамуына жол ашты. Міне, биыл Қарсақ кен орнының ашылғанына 65 жыл толды. Осы атаулы мерекеге орай аптаның сәрсенбісінде аталған кен орнында «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұйымдастыруымен  салтанатты шара өтті.

Шараға «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы, мұнайшылар және сала ардагерлері қатысты.

Алдымен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Ернұр Тасеменов құттықтау сөз сөйлеп, тұз күмбезі астынан қара алтынның қайнарын ағытқан мұнайшыларға ізгі тілегін жолдады.

«Қарсақ – тек өндіріс орны емес, бір дәуірдің шежіресі. Бұл – бірнеше буын мұнайшылардың маңдай тері мен адал еңбегінің жемісі. Осы ретте қара алтын мен көгілдір отынның өндірісін ұлғайтып, ұлт қазынасын молайтуда аянбай тер төгіп жүрген барша мұнай-газ саласының мамандарын айтулы мерекемен құттықтаймын»,- деді Ернұр Тасеменов.

Одан әрі, ол бірқатар мұнайшыларға «Еңбек ардагері», «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі және «Құрмет» грамотасын табыс етсе, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов табысты еңбегімен ерекшеленген  мұнайшыларды «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Құрмет» грамотасымен марапаттады.

Әрмен қарай, құттықтаулар легін «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Бағдат Ниязғалиев жалғастырып, ел экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан сала мамандарына «Алғыс хат» және естелік сыйлықтарын табыстады.

«Қазақстанның экономикалық қуаты – тәуелсіздігінің мықты тірегі екені сөзсіз. Ал, ел экономикасының негізінің бірі – мұнай-газ кешені. Бұл – еліміздің бүгінгі әлеуетін қамтамасыз етіп, болашақ дамуына негіз болып отырған стратегиялық сала. Баршаңызды мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»,- деді Бағдат Атаниязұлы.

Салтанатты жиын барысында мұнайшылар мен көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Осылайша дүбірлі тойда ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйланды. 

Ботакөз Асхатқызы,
«Мақат тынысы» газеті,
№35, 05.09.2025 ж.