Ел ағасына – Ембі мұнайшыларының құрметі
Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының, Атырау қаласы мен Жылыой ауданының Құрметті азаматы, елінің ардақтысы Есен Тасқынбайұлы Тасқынбаев бүгіндері торқалы тоқсан жастың төріне көтеріліп отыр. Ардагер ақсақалдың мерейлі тойына орай, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас кеңсесінде мерейгермен кездесу кеші ұйымдастырылды. Оған Есен ағаның замандастары, үзеңгілес жолдастары, ардагер мұнайшылар және қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорынның жетекшілері, басшылары шақырылды.
Тағылымды шараның шымылдығын «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Есен Қайыржан кіріспе сөзбен ашып, Есен Тасқынбайұлын барша ембілік мұнайшылар атынан мерейлі жасымен құттықтады.
– Ел ағаларының жүріп өткен жолын тағылым мен тәрбиенің, елге еңбек сіңірудің ерен үлгісі деп білетін қазақ топырағындағы «қара алтын» өндірісінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының, барша ембілік мұнайшылардың атынан сізді бүгіндері өзіңіз биігіне көтеріліп отырған мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Атыраудың абыз ақсақалы, қадірменді қарты болып, ортамызда аман-есен, шат-шадыман күйде жүре беруіңізге тілектеспіз,-деп мұнайшылар қауымының ыстық ықыласын жеткізген компания басшысы жүрекжарды жылы лебізіне қоса ел ағасына лайықты құрметі мен інілік ілтипат-ізетін көрсетті. Қазақы дәстүрмен мерейгердің иығына шапан жауып, жұбайы Ермек Алдиярқызына да сый-сияпатын ұсынды.
Бұдан кейін сахна төріне көтеріліп, сөз алған Атырау облысының ардагерлері мен Есен ағаның қатарластары мерей жас иегерінің елге, мұнайлы өңірге жасаған ерен еңбектеріне шолу жасап өтті. Барлығының айтарының тоғысар түйіні бір болды – Е.Тасқынбайұлының сонау бір қиын кездерде ел еңсесінің тіктелуіне, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына білек сыбана кірісіп, уақытпен санаспай, маңдай терін сылып тастап еңбек ете білгені. Салтанатты шараның мінберіне көтерілген әрбір лебіз айтушы мерей жас иегерінің табысты қызметіне жан-жақты шолу жасап өтуге тырысты.
Құттықтау лебізді Атырау облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиев жалғастырды.
Есен Тасқынбайұлының алғырлығы мен білімділігін, өзіне жүктелген қандай жауапты қызметтерді де абыроймен атқара білетін тындырымды қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын көрсеткен лебізді мінберге көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Амангелді Селбаев тоқсан жастағы ағасына інілік ізетпен жалғады.
Бірде облыстың шалғайдағы аудандарының бірінде бірлесе іссапарда жүріп, Сағыз елді мекеніндегі білім ошағы – ауыл мектебінде болудың сәті түскен. Ауыл мектебінің апатты жағдайын көріп, қиналған Е.Тасқынбайұлының «қаржы жоқтығы қолды бөгеп тұр ғой» деген жанқиналысын түсінген А.Селбаев барынша қолынан келген көмекті көрсетуге кіріседі. Теміржол саласы біршама жағдайы жолға қойылған мекеме, әріптестерімен кеңесе отырып, ауыл мектебіне күрделі жөндеу үшін қол ұшын созады. Сол кездегі Есен Тасқынбайұлының қуанышын көрсеңіздер ғой.
Амангелді Селбайұлының осындай жүрекжарды лебізін жалғаған «Теңізшевройл» БК» ЖШС-нің менеджері болып ұзақ жылдар еңбек еткен Мария Қаражігітова да ағасына деген қарындастық сыйластықты жеткізе білді.
– Сіз ізіңізден ерген барша іні-қарындастарыңызға қамқоршы аға танылып, әрдайым қолдау білдіріп, жол көрсетіп, жөн сілтеумен ерекшелендіңіз. Мен шетелдік компанияның өкілімін, алайда ылғи сіздің кеңесіңізге жүгінетінмін. Себебі, біз әр салада еңбек етіп, түрлі жақта жүрсек те бәріміздің мақсат-мүддеміз бір еді. Өзіңіздей ел ағаларының қамқорлығын мемлекеттік қызметшілер ғана емес, біз де сезініп өсіп-жетілдік, өмірден өз орнымызды таптық.
Бүгінгі таңда Атырау облысында «NCOC», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «ҚазТрансОйл», «Қазақстан Каспий Құбыр Консорциумы» кәсіпорындары, «ҚазақГаз» ҰК, «KPI» тәрізді алпауыт мұнай компаниялары жұмыс жасап жатқаны белгілі. Ел ағасына құрмет көрсетілген салтанатты шараға облыстағы ірі мұнай компанияларының өкілдері де қатысты. Мерей жас иесін құттықтай келген компания өкілдерінің жүрекжарды лебіздерін KPI компаниясының бөлім басшысы Өмірзақ Зинуллин жеткізді.
Сол кездердегі облыс орталығында қолға алынып, құрылысы басталған ірі сауда орталықтарының біразында Есен Тасқынбайұлының сүбелі үлесі бар. Бұл сауда орталықтары күні бүгінге дейін мұнайлы астанадағы кешенді ғимараттардың бірі саналып отыр. Әлі күнге дейін сыны кетпеген, жұртшылыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуді жалғастырып отырған әлеуметтік нысандарды көргенде ел ағасының ерен еңбегінің зая кетпегеніне қуанасың.
Соңынан мерейтой иесі Есен Тасқынбайұлы өзін көпшіліктің алдында ұлығылап, сый-құрметін көрсетіп жатқан атыраулықтарға, соның ішінде ембілік мұнайшыларға шексіз ризашылығын білдіріп, ақ батасымен бөлісті.
Тағылым мен тәлімді тәрбиеге толы кездесу кешін жергілікті өнерпаздар ән-күймен өрнектеп, мазмұнын арттыра түсті.
Дәулетқали АРУЕВ
Дереккөз: «Aтырау» газеті