С.Балғымбаев кен орнының ашылғанына – 50 жыл
Атырау облысының Исатай ауданы – қойнауы құт-қазынаға толы мекен. 1968 жылы осы ауданға қарасты Мартыши кен алаңында алғаш рет мұнай игеріле бастаған еді. 1973 жылы «Жайықмұнайгаз» басқармасы құрылды. Содан бері Нарын құмын жайлай орналасқан елдің игілігі еселеніп келеді. Алғашқы кезде жұртшылық арасында Мартыши атауымен кең тараған кен алаңына 2000 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геологы Салтанат Балғымбаевтың есімі берілді.
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ге қарасты кен алаңының ашылғанына биыл – 50 жыл. Мерейлі дата атаусыз қалмады. Кен алаңынан басталған салтанат аудан орталығында жалғасын тауып, жаңа нысандар пайдалануға берілді, мәдени шаралар ұйымдастырылды. С.Балғымбаев кенішінде мұнай-газ дайындау және айдау, мұнай өндіру цехтары мен өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлімшесі жұмыс істейді. Кен алаңындағы ұңғымалар жұмысы толықтай автоматтандырылған. «1971 жылы жұмысқа орналастым, – деп еске алады кәсіпорынның байырғы геологы Қазипа Сүйінғариева. – Кен орнын алғашқы игерушілердің бірі екенімді мақтанышпен айтамын. Осы жерден жолдама алып, Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтында оқып келдім. Оператордан бастап цех бастығына дейінгі қызметті атқарып, 2006 жылы зейнетке шықтым. Біздің кезімізбен қазіргі жұмыс жағдайын салыстыру мүмкін емес, біз ол кезде барлық жұмысты қолмен істейтін едік». Иә, қазір жағдай басқаша. «Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік ахуалға айрықша көңіл бөледі. Мұны салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев ерекше атап өтті. – Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ өте көне кен орындарын игеріп жатыр. Соған қарамастан әлеуметтік жағдайды жақсартып, жұмысшыларға көп көңіл бөлуде. Компанияның басты құндылығы – сіздер, мұнайшылар! Әлеуметтік нысандарды жақсарту жұмыстары жалғасады. Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхананың, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ге қарасты Қисымбай кенішінде 50 орындық асхананы іске қостық. Бүгін С.Балғымбаев кен алаңындағы 150 орындық асхана сіздерге есігін айқара ашып отыр. Уақыт бір орнында тұрмайды. Болашақта осындай жұмыстарымызды жалғастыра береміз, – деді өз сөзінде Құрманғазы Орынғазыұлы. Қ.Есқазиев өзінің құттықтау сөзінде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Соңғы жылдарда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бойынша 60 шақырымдық өндірісішілік жолдың құрылысы аяқталып, іске қосылғанын, сонымен қатар Қаратон құрылымында барлау жұмыстарын бастау жөніндегі жұмыс жоспары қолға алынатынын, бұл орайда ұңғымалардың тереңдігі 6000 метр болатындығын да атап өтті. «С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Новобогат кеніштерінде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-та 5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биылғы жылы 2 миллион 895 мың тонна өнім игеру жоспарлануда», деді ол. Мерекелік шара одан әрі сазды бағдарламамен және еңбек озаттарын марапаттаумен жалғасты. Қара алтын өндірісінің өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосып, үлгі-өнеге болып жүрген кәсіби мереке иелерінің бір тобына Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Марапаттау шарасына жиналғандарды «Ембімұнайгаз» АҚ-тың басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков құттықтады: – Үстіміздегі жылдың 23 тамызы күні Атырау облысындағы жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ембімұнайгаз» АҚ-тың бас кеңсесіне келді. Бұл – ембілік мұнайшылар үшін үлкен мәртебе. 23 жыл бұрын Елбасы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, енді Мемлекет басшысы екінші рет қазақ мұнайының қара шаңырағына аяқ басып отыр. Елбасы өндіріс үдерістерін қадағалау орталығының жұмысымен, соның ішінде «Интеллектуалды кен орын» жобасының жұмысымен танысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің компания Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өндірісті жаңа технологиялармен қамтып, тың жобаларды батыл енгізіп келеді. 2016 жылы өндіріс шығындарын оңтайландыру мен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл қанатқақты жоба – Уаз кен алаңында іске қосылып, бүгінде тиімділігін дәлелдеп те үлгерген тың бағдарлама. 2017 жылы жоба жұмысы Прорва кен алаңдары тобына таратылды. 2024 жылдың соңына дейін 12 кен алаңы цифрлы өндіріске көшіріледі. Ембі өндірісін өзгерістермен, жаңа технологиялармен үздіксіз қамту ең алдымен ұжымдағы бірліктің, ауызбіршіліктің жемісі деп түсіну керек. Бұл ембілік мұнайшылардың берекелі тірліктерінің арқасы деп есептеймін, сол үшін де сіздерге үлкен алғыс айтамын, – деді құттықтау сөзінде Әнуар Еркінұлы. С.Балғымбаев кен алаңынан басталған шаралар легі Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында орналасқан «Жайықмұнайгаз» басқармасы бас кеңсесінің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанатымен жалғасты. Қонақтарды қарсы алған «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Мәлік Жүнісов те қойнауы құтты мекенде жасалып жатқан игі істерді атап өтіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. «Ембімұнайгаздың» елге тартуы мұнымен біткен жоқ. Түстен кейін аудан халқы мәдениет үйіне қарай ағылды. Қара сөзге дес бермеген ақындар ауылға келіп, айтыс ұйымдастырды. Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, жергілікті ақындар Саадат Нұрманов, Шалқарбай Ізбасаров, Сырымбек Сәрсембаевтар қатысқан айтыс көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Ал кешкісін орталық стадионда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен қазақ эстрадасының өнерлі жұбы Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның қатысуымен гала-концерт өтті. Күн ұзаққа созылған шара мерекелік отшашумен тәмамдалды.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ