сайт статистики

Мұнайшылар жолдауды қолдайды

"Айқын"

Атырауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың   «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық топ келді. 

Атырау аймағына осы мақсатта келген Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысшы ұжымымен кездесу өткізді. Жиынға Атырау облысы әкі­мінің орынбасары Жасұлан Сүйіншәлиев қатысты.
Кездесуді алғысөзбен ашқан «ЕмбіМұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан Балжанов «Елбасының халыққа Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап, дамуына арналған маңызды құжат. «Ембі­Мұнай­Газ» АҚ ұжымы Елбасының саясатын үнемі қолдап, Жолдауда басым бағыт берген «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын жүзеге асыру­ды ойдағыдай бастап кетті. Ком­пания тарапынан адами капи­талға басымдық көзқарас қалып­тас­ты. Жаңа кеніш орында­рын ашып жұмыс орнын сақтап қалу, кадрларды оқыту мен тәжірибесін ұштастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда» – деген Бауыржан Құс­панұлы компанияда жұмыс істеу­шілердің еңбекақысы, олардың денсаулығы мен әлеуметтік жағда­йын жақсартуға қаражаттар жеткі­лік­­ті беріліп отырғанын айтты.

Ақиқатында, ембіліктер, Аты­рау облысының ғана емес, елі­­міз­дің дамуына елеулі үлес қо­сып отыр. Табыс салығын айт­па­ғанда, олар Атырау облысы ин­фра­құры­лы­мы­ның дамуына, қайы­рым­­дылық пен демеу­шілікке 2,3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген.Жиында Энергетика вице-ми­нис­трі Болат Ақшолақов кезде­су­дің мақсатын түсіндіріп, өткен жыл­дың қорытындысына тоқталып өтті.

– Атырау облысы төңірегінде біраз шаруа атқарылды. Өңірдің дамуы жыл сайын артып келеді. Еліміз бойынша өткен жылы біраз жетістіктерге жетті. Оның ішінде, отын-энергетикалық секторында салалардың көрсеткіштері рекорд­тық деңгейге қол жеткізді. Мұнай өн­дірісі 86,2 млн тоннаны құрады, облыс бойынша 42,2 млн тонна мұ­най өндірілді. Биыл мұнай өң­деу көлемі 1,1 млн – тоннаға ар­­тып, 16 млн тоннаны құрайтын бол­мақ. Кездесудің басты себебі – Елба­сы­ның «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған міндеттерді талқылау, олар­ды іске асыру жолдарын тү­сін­­­діру және ортақ жұмыстар мен бағыт­тар­ды нақтылау – деген Болат Орал­­ұлы технологиялық жаңғыру арқа­­сында экономиканы жалпы цифр­ландыру керектігін сөз етті. Бұдан соң Жолдаудағы анық әрі түсі­­нікті он бағытты саралап айтып жеткізді.

Индустрияландыру жаңа тех­нологияларды енгізудің көш­бас­шы­сына айналуы тиістігі міндет­­телген Жолдаудың бірінші бағыты бойынша, Энергетика министрлігі өз құзыреті шегінде 2017 жылдан бастап энергетика секторында және экология саласында цифр­лан­­дырудың бірқатар жобасын жүр­гізуде. Биыл Атырау және Шым­кент мұнай өңдеу зауыт­та­рын­да автоматтандырылған өндірісті басқару ТОРО жүйесін енгізуі аяқ­та­лады. Нәтижесінде, жабдықтың сенімділігін 8-10 пайызға арттыруға, жөндеу шығындарын 10 пайызға төмендетуге, жоспарлы жылдық жөндеу жұмыстарының мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін төмендетуге мүмкіндік болады. Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақовтың айтуынша, Жолдаудың міндеттерін орындау шеңберінде шикізатты өң­деуді тереңдету қажеттілігіне маңыз берілуде. Сондай-ақ биыл «Ембімұнайгаз» кен орын­да­­­рында (С. Нұржанов, Ақтөбе, Досмұхам­бетов, Батыс Прорва) және «Қазгермұнай» ЖШС БК кен орындары (Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындары) «Инте­л­­лектуалды кен орын» және «Қазатомөнеркәсіп» кен орын­да­рын­да «Цифрлы кеніш» пилоттық жобалардың аяқталуы күтілуде.

Жиында Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Министрлік пен әкімдіктермен қазіргі жұмыс нәтижелерін саралап айтып, Елбасы тапсырған міндетті орындау үшін электр жабдықтау саясатын қайта қарастыру және дерек­терді цифрлау, үдістерді авто­­маттандыру бойынша жаңа техно­ло­гиялар енгізуге ерекше көніл аудару­дың мезгілі келіп тұрғанын ескертті.
Елбасы Жолдауы – елдің өр­ке­­ниетті елдермен қатар иық ті­рес­тіріп дамуына даңғыл жол көр­­­сеткен маңызды құжат. Осы құжат­та көрсетілген міндеттер орын­да­луы­мен маңызды. Сондықтан да аты­рау­лық мұнайшылар Жолдау­дағы міндеттерді атқарудағы жауап­кер­шілікті түйсініп отыр.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Атырау облысы