Жасанды интеллект мұнай өндіру қызметінде: «Ембімұнайгаз» АҚ журналистерге заманауи цифрлық және әлеуметтік жобаларын таныстырды
Цифрландыру жылы аясында «Ембімұнайгаз» АҚ-да республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлердің қатысуымен пресс-тур өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға мұнай өндірудің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдер, өндірістік технологиялар, инвестициялық және әлеуметтік жобалар таныстырылды.
Компания қызметімен танысу интерактивті музей мен Өндірісті жедел басқару орталығынан басталды. Өндірістік нысандарды онлайн режимде жедел бақылау және мониторинг жүргізу үшін құрылған орталықта пресс-тур қатысушыларына өндірістік процестерді басқарудағы цифрлық бастамалардың мүмкіндіктері көрсетіліп, перспективалы жобалардың бірі – «Цифрлық телнұсқаның» іске асырылу барысы баяндалды.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Цифрлық телнұсқа» пилоттық жобасы ABAI ақпараттық жүйесінің базасында Шығыс Молдабек кен орнында жүзеге асырылуда. «Цифрлық телнұсқа» – кен орнынан алынған нақты деректер негізінде үнемі жаңартылып отыратын, жер қойнауының динамикалық цифрлық моделі. Технология кен орнының қазіргі жай-күйін көрсетіп қана қоймай, оның болашақтағы өзгерістерін болжауға, игеру жұмыстарын бағалауға және өндіру процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Цифрлық телнұсқа» жобасы арқылы кен орнындағы барлық стационарлық автоматтандырылған топтық өлшеу қондырғыларының деректері қашықтан жиналады, ал барлық өндіруші ұңғымалар интеллектуалды басқару станцияларымен жабдықталған. Бұл нақты уақыт режимінде ұңғымалардың жұмысын бақылауға, жабдықтарды қашықтан басқаруға және негізгі өндірістік көрсеткіштерді қадағалауға мүмкіндік береді.
Осылайша, цифрландыру ресурстық әлеуетті арттыру мен мұнай өндірудің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторына айналып отыр.
«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет пресс-тур қатысушыларына іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар, қалдық мұнай қорларын өндірудің заманауи технологиялары, геологиялық-техникалық іс-шаралар, әлеуметтік жауапкершілік және компанияның стратегиялық даму жоспарлары туралы айтып берді. Мәселен, 2026 жылдың 10 айында «Ембімұнайгаз» АҚ 2 495 647 тонна мұнай өндірді. Бірқатар геологиялық-техникалық іс-шараларды сәтті жүзеге асырудың нәтижесінде қосымша 61 мың тоннадан астам шикізат алынды.
Пресс-тур «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында (МГӨБ) жалғасты. Гран кен орнында журналистер мен блогерлер өндірістік нысандармен, ал, Оңтүстік-Батыс Қамысты (ОБҚ) кен орнында қуаты 4,8 МВт болатын газ-поршеньді электр станциясының (ГПЭС) жұмысымен танысты. ГПЭС – кен орындарын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға бағытталған жобалардың бірі. ГПЭС кен орындарының өндірістік және шаруашылық қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, меншікті электр энергиясын өндіру үшін ілеспе мұнай газын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл сыртқы электрмен жабдықтау көздеріне тәуелділікті азайтуға, электр энергиясын сатып алу шығындарын төмендетуге және ілеспе газды ұтымды пайдалануға ықпал етеді.
Жобалар жалпы 9 кен орнын қамтиды: Гран, Забурын, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Ақтөбе, Шығыс Мақат, Қотыртас, Солтүстік Уаз және С. Нұржанов. Электр энергиясын өндіру үшін жылына шамамен 60,3 млн м³ ілеспе газды пайдалану жоспарланған.
Есептеу көрсеткіштеріне сәйкес, жалпы тұтынатын қуат 23 МВт болса, ГПЭС арқылы жалпы қажеттіліктің 67%-ы, яғни, 15,5 МВт өндірілмек. Қалған бөлігін көтерме нарықтан электр энергиясын сатып алу арқылы жабу жоспарлануда.
Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында пресс-турға қатысушылар қуаты жылына 80 млн м³ құрайтын газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысымен танысты. Бұл нысанды пайдалануға беру жыл сайын ішкі нарыққа тауарлық және сұйытылған көмірсутек газының қосымша көлемін жеткізуге, сондай-ақ, кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына 20 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ембі мұнайшыларының әлеуметтік жағдайларымен, еңбек және тұрмыстарымен танысу пресс-турдың маңызды бөлігіне айналды. БАҚ өкілдері мен блогерлер С. Балғымбаев атындағы кен орнының жатақханасы мен асханасын аралады.
Пресс-тур қатысушыларға «Ембімұнайгаз» АҚ-ның цифрлық технологияларды, заманауи өндірістік шешімдерді, ресурстарды ұтымды пайдаланатынын және персоналға деген қамқорлықты қалай ұштастыратынын көруге мүмкіндік берді. Компанияның тәжірибесі цифрландыру мен адамдарға баса назар аударудың үйлесімділігі өндірістің тұрақты өсуіне мүмкіндіктер ашатынын айқын көрсетеді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия Қаражанова: G.Karajanova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» (ӨТКжЖК) басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы Qazaq Gaz ҰК АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.