Асыл жүздік: жеке шеберліктен – қуатты ұжымға
«Ембімұнайгаз» АҚ-да корпоративтік мәдениетті нығайтуға бағытталған «Асыл жүздік» жобасы екінші жыл қатарынан сәтті жүзеге асырылды. Іс-шараға компанияның өндірістік-құрылымдық бөлімшелерінің жүз қызметкері қатысты. Олар кәсібилігі, адал еңбегі мен жоғары өндірістік нәтижелеріне сай, қатысушы ретінде шақырту алды. Қатысушылар жобаның «Жеке шеберліктен – қуатты ұжымға» деген ұранына сай кезеңдерден өтті.
Іс-шараның бағдарламасы «Мен», «Біз», «Бір» принциптеріне негізделген үш кезеңнен құралды. Шараның ашылуында «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Әбенов жобаның ерекше маңыздылығын атап өтті:
– Әрбір қатысушының жеке дамуына мүмкіндік жасау маңызды. Кәсіби өсу, көшбасшылық қасиеттерді ашу, тәжірибе алмасу және өзара топтық жұмыс дағдыларын дамыту әрбір қызметкерді де, тұтас компанияны да нығайтады. Ал, бұл жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге тікелей ықпал етеді.
Жобаның «Мен. Жеке шеберлік» айдарымен өткен бірінші бөлімінде қоғам қайраткері Айдын Ізбасар лекция оқыды. Ол – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен рухани құндылықтары негізінде сананы трансформациялау саласындағы тренингтердің авторы ретінде танымал. Бұл жолы да ол «Асар» дәстүрінің өзара көмектің, сенімнің және корпоративтік мәдениеттің негізі екенін кең талқылады.
«Біз. Команда» ұранымен өткен күндізгі бағдарлама «Асыл жүздік-2026» корпоративтік чемпионатына жалғасты. Қатысушылар он командаға бөлініп, интеллектуалдық және спорттық сындарда бақ сынасты. Олар эрудицияны, стратегиялық ойлауды, шешім қабылдау жылдамдығын, көшбасшылық қасиеттерін және ең бастысы – бірлесе жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті. Берілген тапсырмалардың барлығы әріптестер арасындағы командалық іс-қимыл мен өзара сенімді нығайтуға бағытталды.
Жобаның «Бір. Қуатты ұжым» атты қорытынды кезеңінде әрбір команда өзінің шығармашылық бағдарламасын ұсынды. Бұл сайыста ұпай санымен бағалау жүйесі болған жоқ. Өйткені, оның басты міндеті – шынайы командалық рухтың тек жарыста ғана емес, бірлескен шығармашылықта, бірін-бірі қолдаудың және бірліктің нәтижесінде туатынын көрсету болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша ең үздік үш команда анықталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды. Бірінші орынды «Қайрат» командасы жеңіп алса, «Қыран» командасы екінші орынға лайық деп танылды. Ал, үздік үштікті «Жігер» командасы түйіндеді.
Бұдан бөлек, қатысушылардың өздері әр командадан ортақ іске ең көп үлес қосқан бір адамды таңдады. Осылайша іріктелген он қызметкер де арнайы марапаттарға ие болды. Іс-шараның соңғы түйіні жобаның барлық қатысушыларының ортақ гимнді бірге орындауы болды. Бұл ән бірліктің, ынтымақтастықтың және компания болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің символына айналды.
«Асыл жүздік» жобасы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басты күші – оның адамдары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жұмыскерлердің кәсібилігі, жауапкершілігі мен өзінің ісіне адалдығы арқасында кәсіпорын озық өндірістік дәстүрлерді сақтаумен қатар, заманауи корпоративтік мәдениетті қалыптастыра отырып, дамып келеді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmg.kz +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.