«ҚазМұнайГаз» басшысы «Ембімұнайгазда» өндірістік кеңес өткізді
Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың төрағалығымен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ) өндірістік қызметіне арналған кеңес өтті.
Кеңесте қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау және жұмыс істеп тұрған активтердің рентабельділігін арттыру мәселелері қаралды. Қазіргі таңда компания мұнай мен газ өндірудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.
Өткен жылы өндірістік игеруі басталған Батыс Қарасор кен орнында өндірілетін мұнай қоры 2 млн тонна көлемінде бекітілген. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұнда 37 мың тоннадан астам мұнай өндірілді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Батыс Прорва кен орнында жобалық қуаттылығы жылына 200 млн текше метр газ өндіруге есептелген алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Жобаның екінші кезеңінде, яғни 2027 жылы бұл көрсеткішті жылына 920 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында биыл жылдық қуаттылығы 80 млн текше метр болатын газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосу жоспарланған. Бұл жоба ішкі нарыққа қосымша тауарлық және сұйытылған көмірсутек газын тұрақты жеткізуге мүмкіндік беріп, кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына 20 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Мұнай өндіру тиімділігін арттыру мақсатында геологиялық-техникалық іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Атап айтқанда, тік және көлденең бұрғылау, бүйірлік оқпандарды бұрғылау және өндіріс деңгейін сақтауға бағытталған өзге де заманауи технологиялық шешімдер қолданылуда.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы алты айында «Ембімұнайгаз» АҚ-да мұнай мен конденсат өндіру көлемі шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында «Ембімұнайгаз» АҚ цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазіргі уақытта «ABAI» ақпараттық жүйесі базасында Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларын қолданатын цифрлық егіз пилоттық жобасы іске қосылуда.
Сонымен қатар, өндірістік тиімділікті арттыруға және өндірістік үдерістерді талдауға бағытталған «ABAI» ақпараттық жүйесінің алты модулі пайдаланылып жатыр. Бұдан бөлек, өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін бейнеталдау құралдарын, мұнай ұңғымаларының жай-күйін бағалайтын жасанды интеллект негізіндегі ассистентті, сондай-ақ ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарының тиімділігін талдайтын модульді енгізу жоспарланған.
Жиынның соңында Асхат Хасенов «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды, ресурстық базаны ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды және жаңа технологияларды енгізуді одан әрі жандандыруды тапсырды.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА: A.Ertleuova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kzz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.