«Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарындағы еңбек жағдайларын жақсартуды жалғастыруда
«Ембімұнайгаз» АҚ «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында екі маңызды нысан пайдалануға берілді: Қарсақ кен орнындағы 100 орындық заманауи асхана және Шығыс Мақат кен орнындағы әкімшілік ғимарат. Олардың ашылуы – Компанияның вахталық ауысыммен еңбек ететін қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді бағдарламасының кезекті кезеңі.
ЕМГ шалғайдағы кен алаңдарының да әлеуметтік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытып келеді. Егер бұрын Қарсақ кен орнындағы жылжымалы асхана тек 50 адамға ғана есептелген болса, қазір жаңа асхананың аумағы 1429 шаршы метрді құрайды және ол санитарлық-гигиеналық, технологиялық және өндірістік талаптарға толық сәйкес келеді.
Ғимарат санитарлық-гигиеналық, технологиялық әрі өндірістік талаптарға толық сәйкес келеді. Асханада қоғамдық тамақтандыру саласындағы қолданыстағы нормативтерге сәйкес барлық қажетті өндірістік және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Атап айтқанда, тағам дайындау үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында ыстық цех, салқын цех, ет өңдеу цехы, балық өңдеу цехы және көкөніс өңдеу цехтары бар. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ет, балық және сүт өнімдерін сақтауға арналған арнайы салқындатылған камералары бар қоймалар қарастырылған.
Шығыс Мақат кен орнындағы әкімшілік ғимарат қазіргі заманғы сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Соңғы үлгідегі инженерлік коммуникациялар барлық жүйелердің үздіксіз жұмысын және қызметкерлер үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
«Компания бүгінгі таңда вахталық әдіспен еңбек ететін қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қызметкерлерге қамқорлық жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Сондықтан ауысымдық әдіспен еңбек ететін мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасап, жатақханалардағы тұрмыстық ахуалды отбасылық жайлылық деңгейіне жақындату – біз үшін маңызды міндет.
Қарсақ кен орнындағы жаңа асхана – осы мақсаттағы нақты істердің жарқын көрінісі. Бұл тек тамақтану орны ғана емес, қызметкерлеріміздің денсаулығы мен әл-ауқатына салынған инвестиция. Біз әр адам қамқорлықты сезінетін орта жасаймыз және бұл өнімділік пен апатсыз жұмысқа тікелей әсер етеді, – деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Ернұр Тасеменов.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс Компанияның барлық мұнай-газ өндіру басқармаларында жүргізілуде. Мәселен, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Балғымбаев атындағы кен орнында 100 орындық жатақхана күрделі жөндеуден өтті. Б.Жоламанов атындағы кен орнында «Ембімұнайэнерго» басқармасының қызметкерлеріне арналған жатақхана мен «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай кен орнында 150 орындық асхананың құрылысы аяқталуда.
Сондай-ақ, биыл «Доссормұнайгаз» МГӨБ әкімшілік корпусының жобалау жұмыстары басталды. Бұдан басқа, қолайлы еңбек жағдайларын жасау үшін «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ әкімшілік корпусын жөндеу жоспарланған.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА: A.Ertleuova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.