сайт статистики

Асхат Хасенов болашақ мұнайшыларды даярлайтын оқу-өндірістік полигонымен танысты

Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде болып, болашақ мұнайшыларды даярлайтын   оқу-өндірістік полигонымен танысты.

Жалпы жер аумағы 4 гектарды алып жатқан полигон  «Ембімұнайгаз» АҚ қаржылық қолдауымен салынған.  Оқу полигоны – бұл жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі.

Полигон заманауи зертханалармен, оқу-өндірістік алаңдармен және кәсіби дағдыларды жетілдіруге арналған тәжірибелік қондырғылармен жабдықталған, сондай-ақ инновациялық технологиялық шешімдерді сынау аймақтары бар. Мұнда жер асты жөндеулерін жүргізуді   меңгеруге арналған екі ұңғыма бұрғыланып, болашақ мамандар практикалық тапсырмаларды орындайтын 15 оқу алаңы салынған.

2025 жылғы қыркүйекте ашылғаннан бері полигонда  «Мұнай-газ ісі»,  «Электроэнергетика», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша 800-ден астам студенттер практикалық дайындықтан өтті.

Бүгінге таңда аталмыш университет базасында дәстүрлі «SUMMER INDUSTRIAL SCHOOL» жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мұнда Ресей, Әзірбайжан, Қытай елдерінен және Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының студенттері келіп, дәріс алумен қатар, полигонда практикалық тәжірибеден өтеді деп күтілуде.

– Білікті кадрларды даярлау – ҚазМұнайГаз үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Компания мұнай-газ саласында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін жағдай жасауға ерекше мән береді.  Оқу-өндірістік полигоны болашақ мұнайшыларға практикалық тәжірибе алуға және заманауи өндірістік процестермен танысуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті А. Хасенов.

Қазіргі уақытта оқу-өндірістік полигоны толықтай С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің балансына берілген.