сайт статистики

КМГ Басшысы "Ембімұнайгаз" АҚ-дағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Атырау облысындағы жұмыс сапары барысында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов "Ембімұнайгаз" АҚ-ның Прорва кен орындарының тобына барып, мұнай мен газды өндіру тиімділігін арттыру және операциялық шығындарды қысқарту бойынша жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

КМГ басшысы Жылыой ауданында орналасқан Батыс Прорва кен орнындағы газ ұңғымаларын игеру бойынша бірінші іске қосу кешенін салу алаңында болды. Жобаның аясында газ кен орындарын дамыту жұмыстары жүргізіліп, С.Нұржанов кен орнын көміртегі газын пайдалану үшін дамыту жоспарланған. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады.   Бірінші кезеңде мұнай өндіру 45 мың тоннаға дейін, газ өндіру 160 млн м³-ке дейін арттырылмақ. Екінші және үшінші кезеңдер 2026-2027 жылдарға жоспарланған, олар Батыс Прорвада газ өндіру көлемін 600 млн м³-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді.

 А.Хасенов Исатай ауданының Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнындағы  инвестициялық жоба бойынша жылына 80 млн м³ газды өңдеуге арналған кешенді газды даярлау қондырғысы (УКПГ) құрылысының барысымен танысты. Қондырғыны пайдалануға беру 2026 жылдың көктеміне жоспарланған.   Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнын игеру басталғаннан кейін, ең жоғары деңгейде жылына 100 мың тоннадан астам мұнай өндіруге мүмкіндік болады.

Сондай-ақ, КМГ басшысы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі   оқу-өндірістік полигон құрылысымен танысты.  Бұл нысан ЕМГ-нің қаржылық қолдауымен салынуда. Бүгінгі таңда, полигондағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 95%-і аяқталған. Студенттердің жер асты жөндеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын меңгеруі үшін бұрғылау ұңғымалары қазылды. Жалпы 15 оқу алаңы салынды, онда студенттер практикалық тапсырмалар орындайды. Жобаны 2025 жылдың соңында тапсыру жоспарланған.

Сол күні А.Хасенов ЕМГ-де өндірістік жиын өткізді. Осы жылдың бес айында компания 1 млн 140 мың тонна мұнай өндірді, жоспар шамамен 14 мың тоннаға артық орындалды. 2025 жылға мұнай өндіру жоспары – 2 млн 813 мың тонна.

Жиын барысында игеріліп жатқан және тиімділігі төмен кен орындарын барлау мәселелері, Батыс Қарасор   кен орнын дамыту жұмыстары қарастырылды. Бұл жерде биыл мұнай өндіру басталмақшы, мұнда мұнай қоры – 3 млн 102 мың тонна, газ қоры – 96 млн м³.

Сондай-ақ Қисымбай мен Ақінген кен орындарындағы газ қабаттарын игеру, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша А. Хасенов ЕМГ-ге мұнай мен газ өндіруді арттыру, операциялық шығындарды оңтайландыру және компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бірнеше міндеттер қойды.

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2024 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 780 млрд. 977 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға – 7 млрд 212 млн теңге қаражат аударды.