«Ембімұнайгаз» АҚ «Мен – ембілікпін» байқауын қорытындылады
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің ұйымдастыруымен өткізілген «Мен – ембілікпін» байқауы аяқталып, жеңімпаздар анықталды.
Осы уақытқа дейін шығармашылық бағытты ұстанған дәстүрлі шара биыл тарихи есімдерді жаңғырту, архивтік суреттерді жарыққа шығару мақсатын көздеді. Байқаудың шартына сай, Ембі өндірісіне қатысты тарихи деректер «Бір фотоның тарихы», «Құнды құжат – көненің көзі», «Ұмытылған есімдер» номинациялары бойынша жинақталды.
Аталған номинациялар бойынша келіп түскен 10 үміткердің 4-інің жұмысы конкурс талаптарына сай келмеді. Қалған 6 жұмыс ішінен арнайы құрылған әділқазылар алқасының шешімімен 2 номинацияның жеңімпаздары анықталды.
«Бұл байқаудың маңызы өте зор. Өйткені, қара алтын өндірісіне қатысты бізге жетпеген деректер, тарихи мәліметтер әлі де ел ішінде өте көп. Сондықтан, тарихқа үңілуге, бұрынғы өткеніміз арқылы өз саламызды жетік білуге жұмылдыруда осы байқаудың маңызы зор болды. Барлық қатысушыларға рахмет!» деді «Ембімұнайгаз» АҚ аппарат жетекшісі Арман Кенжехорұлы.
«Мен – ембілікпін» конкурсының қорытынды нәтижелері:
«Бір фотоның тарихы» номинациясы бойынша жеңімпаз – Өсила Досмағұлова, ембілік ардагер («Құлсарынефть», «Жайықмұнайгаз» басқармаларында еңбек еткен мұнайшы Айжарық Есейұлы туралы газетте жарық көрген фото мен естелік үшін).
«Ұмытылған есімдер» номинациясы бойынша жеңімпаз – Жарас Хамит, «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының материалды-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы (Алғашқы мұнайшылар легінде еңбек еткен Хамит Кульчиков туралы танымдық мақала үшін).
Ынталандыру сыйлықтарының иегерлері:
«Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасына қарасты «Терең-Өзек» мұнай-газ өндіру цехының ұжымы (Цех тарихына қатысты көне суреттер жиынтығы үшін);
Ақкерік Қарабалина, ардагер (Прорва кен орнында еңбек еткен Тельман Мусин туралы мақала үшін);
Айшат Ерғалиева, «Қайнармұнайгаз» МГӨ басқармасының еңбекке ақы төлеу және қызметкерлерді басқару бөлімінің кадрлар жөніндегі жетекші маманы («Уаз» кен алаңының қалыптасу кезеңінен сыр шертетін тарихи суреттер үшін);
Қанат Нұрмашев, «Терең-Өзек» мұнай-газ өндіру цехының бастығы («Құлсарынефть» басқармасына қатысты тарихи суреттер топтамасы үшін).
Әділқазылар алқасының шешімімен анықталған жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы сыйлықтар белгіленді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова: G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.