сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қаласының жұртшылығымен көгалдандыру жұмыстары бойынша кездесу өткізді

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) Атырау қаласының жұртшылығын облыс орталығының аумағында жүргізілген көгалдандыру жұмыстары жөнінде хабардар етті. Компания ұйымдастырған кездесуге  облыстағы  экология департаментінің,    табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.   

Кездесудің ресми бөлігі басталмас бұрын шараға қатысушылар Талқайран елді мекенінің аумағында ағаштар отырғызды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған 5 жыл ішінде орман қоры жерінде 2 миллиард ағаш және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды жүзеге асыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды оңалту және қоршаған ортаның сапасын жақсартуды көздеген  ЕМГ мен Атырау облысының әкімдігі арасында көгалдандыру жұмысын жүргізу үшін 2021 жылы Меморандумға қол қойылды. Осы құжат шеңберінде Атырау облысының әкімдігі Компанияға  Қайыршақты ауылдық округінің Талқайран ауылының аумағынан  жалпы  көлемі  243,2 гектар жер телімін бөлді.

ЕМГ бұл аумаққа топырақ-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 71,3 гектар жердің жасыл желектерді отырғызуға жарамдылығы    анықталды. Бүгінгі таңда 10,5 гектар жерге 9000-ға жуық көшет отырғызылды. Ағаштар сәтті тамыр жайып, оларға мұқият күтім жасалуда.

ЕМГ мен "Қазсушар" РМК Атырау филиалы арасында Соколок каналынан тамшылатып суару әдісімен жас ағаштарды тұрақты суаруды қамтамасыз ету мақсатында келісімшарт жасалды.

 - «Ембімұнайгаз» АҚ   жер қойнауын пайдаланушы отандық кәсіпорын ретінде болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершіліктерін жақсы түсініп,    қоршаған ортаны  қорғауға өз үлесін қосады және табиғат қорғау іс-шараларына, оның ішінде Атырау облысының «жасыл  белдеуін» ұлғайтуға қомақты қаражат бөледі, - деп атап өтті "Ембімұнайгаз" АҚ Бас директоры Сәбит Арынов.

Компания 2023-2024 жылдары Атырауда "жасыл аймақ" құру жұмысын жалғастырады. Кездесу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, экобелсенділер мен журналистер өз сұрақтарына тұшымды  жауаптарын алды. Жиында тараптар атап өткендей,  кездесу, өзара қарым-қатынас орнату,  өзекті мәселелерді шешудің бірлескен тәсілдерін талқылау және дамытудың  маңыздылығы аталып өтті.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова:
G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.