сайт статистики

Дуалды оқыту: студенттер Ембі өндірісінде тәжірибе жинақтауда

2022 жылдың ақпан айында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің жалпы саны 37 студенті дуалды оқыту жүйесі бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) өндірістік алаңдарында оқуды бастады.

-   Жоба жүзеге аса бастаған жылдары ЕМГ базасында жұмысшы мамандықтар бойынша 200-ден астам студент дуалды оқытудан өтті. Қазіргі таңда Компанияның өндірістік базаларында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің 37 студенті аталған жоба бойынша білім алуда, - дейді ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры Гүлбану ШАРАФЕТДИНОВА.

Атап айтсақ, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжінің – 10, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің 4 студенті «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның С.Балғымбаев кен орнына, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның Прорва кен орындары тобына және «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның Қарсақ кен орнына зерттеу жұмыстары цехында өндірістік тәжірибе жинақтауда.

Сонымен қатар, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 13 шәкірті «Дуалды оқыту» бағдарламасы бойынша Ембі өндірісінде білім алуда. Оның ішінде, 8-і – «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-ның Кенбай кен орнында «Ұңғыларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша тәжірибе мен теорияны ұштастыруға мүмкіндік алды. Ал, 5 студент «Электр құралдарын жөндеу және қызмет көрсету электр монтері» мамандығы бойынша «Ембімұнайэнерго» басқармасына қарасты «Қайнар» және «Жайық» аудандық электр тораптарында өндірістік оқудан өтіп жатыр.

С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің 10 студенті «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ның С.Балғымбаев кен орнына және «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның Прорва кен орындары тобына «Мұнай-газ өндіру операторы» мамандығы бойынша білім алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ-да студенттерді Дуалды оқыту бағдарламасы 2015 жылдың тамыз айында басталған болатын. Жоба кесте бойынша жүзеге асады: студенттер 14 күн бойы вахталық әдіспен кен алаңдарында тәжірибе жинақтаса, 14 күнде өз білім ордаларында теориялық білім алады. Жоба шеңберінде тағылымгерді оқыту, тамақтандыру, жатын орынмен, арнайы киіммен және өтемақы төлемдерімен қамту шығындарын компания өтейді.

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.