Мұнайлы Ембіде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы бойынша ең ұзын горизонталды ұңғыма бұрғыланды
«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) соңғы жылдары кен алаңдарында горизонталды ұңғымаларды бұрғылау технологиясын белсенді іске қосуда. Аталмыш технология – Ембі өңірінің байырғы кен алаңдарында қалған қорды игеруге мүмкіндік беретін әдіс.
- Біз мұнай-газ саласында қолға алынып жатқан алдыңғы қатарлы технологияны үнемі назарда ұстаймыз, толық зерттеп болған соң, өндірістік қызметімізге тәжірибе ретінде енгізудеміз. Горизонталды ұңғымаларды бұрғылау технологиясы өзінің тиімділігімен вертикалды ұңғымаларды алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, қоршаған ортаға тасталар зиянды қалдықтардың көлемі азаяды. Сондай-ақ, бұл әдіс игерілуі қиын кен орындарының өнім беру мерзімін ұзартады. Өткен 2 жылда горизонталды ұңғымаларды бұрғылау әдісі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Олардың өнімділігі вертикалды ұңғымаларға қарағанда 8-10 есе жоғары. Сол себепті 2021 жылы тек горизонталды ұңғымаларды бұрғылау жоспарланып отыр, - дейді «Ембімұнайгаз» АҚ Кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Қайрат КӨЗОВ.
Соңғы жылдарда Ембі өндірісінің кен алаңдарында барлығы 14 горизонталды ұңғыма қазылып, соның ішінде, Гран кен орнында («Жайықмұнайгаз» МГӨБ) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы бойынша ең ұзын горизонталды секциясы бар (1 км-ге жуық) ұңғыма (1-сурет) қазылды.
Ұңғыманың құрылыс жұмыстарын бас мердігер - отандық компания «СБК «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» ЖШС көлбеу бағытта бұрғылайтын субмердігер «Шлюмберже Лоджелко Инк» компаниясымен бірігіп атқарды.
1-сурет – Горизонталды ұңғыманың қабатта қазылған профилі
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 177 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.