Ембі мұнайшылары жалпыхалықтық «Bizbirgemiz» акциясына үлес қосуды жалғастыруда
«Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан былай ЕМГ) қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру (МГӨ) басқармасының ұжымы «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының бастамасымен жалпыхалықтық «Bizbirgemiz» акциясына үлес қосуды жалғастырды.
-Бүгінде ел аумағында үлкен ұйымшылдықпен жүріп жатқан «Bizbirgemiz» жалпыхалықтық акциясына жайықмұнайгаздық мұнайшылар белсене үлес қосуда. Басқармадағы «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының көтерген бастамасына ұжымдағы Кәсіподақ комитеті, басқарма басшылығы бірден қолдау көрсетті. Исатай ауданындағы Аққыстау және Х.Ерғалиев атындағы селолық округ әкімшіліктерімен және «Nur Otan» аудандық бастауыш партия ұйымымен тығыз байланыс орната отырып, әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларының тізімі алынып, нәтижесінде 30-ға тарта отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді,- дейді «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы, «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының төрайымы Галя Бекешева.
5 күн бойы ұйымдастырылған шара кезінде 600 000 теңгеге тарта қаражат жиналған. Басқарманың Кәсіподақ комитеті де қайырымдылық шарасына үлкен қолдау көрсетіп, шараның бел ортасынан табыла білді. Жайықмұнайгаздық мұнайшылар қолдау көрсеткендердің арасында үш тыл еңбеккерінің отбасы да бар.
Айта кету керек, «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы ұжымының бұл жыл басынан бері екінші рет ұйымдастырып отырған қайырымдылық акциясы. 2020 жылдың ақпан айындағы шара кезінде Исатай ауданында ДЦП дертіне шалдыққан жасөспірім баланың денсаулығына орай қаражаттан қолдау көрсетіп, оның Қырғыз еліне барып ем алуына жағдай жасалған еді. Ол кезде де аталмыш басқарма басшылығы, Кәсіподақ комитеті, «Nur Otan» бастауыш партия ұйымы болып бірлесе отырып, үлкен шараны жүзеге асырған болатын.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан 2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.