сайт статистики

Жастар жылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Басқарма төрағасы Ә.ЖАҚСЫБЕКОВ Компанияның жас мамандармен кездесті. Жиын барысында мерейтойлар мен айтулы оқиғаларға толы болған өткен жылдың қорытындылары мен Жас мамандар кеңесінің ағымдағы жылға жоспары талқыланды.

-  Ембі мұнайшыларының ұрпақтар сабақтастығы мен әлеуметтік жауапкершілік аясында Компания жас мамандардың кәсіби және жеке әлеуетін дамыту бағытында жобалар жүзеге асырып келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде екі бірдей ембілік жас маман «Президенттік кадрлық резерв» құрамына енді. Студент жастарды дуалды оқыту бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта біздің өндірістік нысандарымызда тағылымдамадан өткен 117 студенттің 52-сі тестілеу нәтижелері бойынша Компанияға жұмысқа орналастырылды және соңғы жылдары жыл сайынғы «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауында жүлделі орындарға ие болуда. Бүгінгі таңда Ембі жастары Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен кәсіпорынның қоғамдық өміріне, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысады. Жас мамандар былтыр мұнай-газ саласының 120 жылдық мерейтойы аясында өткізілген мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосты, - деп Компанияның Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ жас мамандарға алғысын білдірді.

EMГ Жас мамандар кеңесі 2013 жылы құрылды, қазіргі уақытта орталық басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерде 700-ге жуық жас маман қызмет етуде.

- ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өз Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Компания басшылығының қолдауымен жас мамандардың потенциалын арттыру бағытында жас мамандардың кәсіби және жеке өсуі, интеллектуалды дамуы, спорттық және қайырымдылық шаралары, жалпы алғанда 15 жоба жүзеге асты, - атап өтті ЕМГ Жас мамандар кеңесінің төрағасы Айгүл ЕРТЛЕУОВА .

Жиын барысында «Жайықмұнайгаз» МГӨБ геология және кен орындарын игеру бөлімінің геофизигі, басқарманың Жас мамандар кеңесінің жетекшісі Тимур ҚИЛАШ, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ қабат қысымын сақтау операторы, 2019 жылы «Үздік жас мұнайшы» аталымының иегері Берекет ЕЛЕУЛИЕВ сөз алып,  Компания басшысына жас мамандарды көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді.

Кездесу соңында 8 белсенді жас маманға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс  қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 жылдан бастап  2019 жылдың қорытындысы бойынша  республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.