Ембілік мұнайшы «Жыл үздігі» номинациясын жеңіп алды
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жыл сайынғы жалпықалалық «Жыл үздігі-2019» жастар байқауы қорытындыланды. Он төрт номинациясының ішінде, «Үздік мұнайшы – 2019» аталымы бойынша ЕМГ АҚ-на қарасты «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қабат қысымын сақтау операторы Берекет ЕЛЕУЛИЕВ үздік деп танылды.
- Жыл қорытындысы бойынша «Үздік мұнайшы» атану – мен үшін үлкен абырой, алға қойған мақсаттарыма жетудегі бір қадам деп білемін. Осы жетістікке жетуіме ықпал еткен «Ембімұнайгаз» АҚ мен «өзім еңбек ететін «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ұжымына білдірер алғысым шексіз. «Ембімұнайгаз» компаниясында қызметкерлердің, соның ішінде, жас мамандардың әлеуеттерін арттыруға үлкен көңіл бөлінуде. Соның айғағы – биыл компанияда Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Жас жылы аясында ұйымдастырылған көптеген шаралар, - деп атап өтті 2019 жылдың үздік мұнайшысы Берекет Елеулиев.
Айта кетсек, 2019 жыл жас әріптесіміз үшін жетістікке толы жыл болды. Биыл «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының ІІ кезеңінде жеңіс тұғырынан көрінген ол Татарстанның Альментьевск қаласында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы компаниялары тобы арасында өткен аталған шеберлік байқауының ІІІ кезеңіне жолдама алып, жүлделі ІІ орынды еншілеген болатын.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.
«Ембімұнайгаз» АҚ 2012 және 2019 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 041 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.
«Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.