20 жылдық белестегі кәсіпорын
«Ембімұнайгаз» АҚ –на (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) қарасты «Ембімұнайэнерго» басқармасының құрылғанына 20 жыл толу салтанатты шарасы өтті. Оған Компания басшылығы, ардагерлер, кәсіпорынды ұзақ жылдар басқарған бұрынғы басшылық құрам мен ұжым мүшлері қатысты.
- Қазіргі заманда электр қуатынсыз қай саланы болмасын көз алдыға елестету мүмкін емес. Соның ішінде, ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ секторында электр энергиясының алар орны ерекше. Ембі өндіріс алаңдарындағы мұнай өндіру, дайындау жұмыстарының үздіксіз жүруі және өндірістің толық автоматты жүйеге көшуі, жаңа технологиялардың кезең-кезеңімен іске қосылуы энергия жүйесімен тығыз байланыста дамып келе жатыр, - деген ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ ембілік энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтап өтті.
Ембі өндіріс алаңдарын тұрақты ток көзімен қамтуда табысты еңбектерімен ерекшеленген жеңімпаздарға марапаттар табыс етілді.
1999 жылдың желтоқсан айында «Қазақойл-Ембі» компаниясына қарасты «Ембіэнергомұнай» кәсіпорны құрылып, жауапкершілігі шектелген серіктестік болып жұмыс жасай бастады. Бүгінде аталмыш кәсіпорын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрамындағы алты басқарманың бірі. Атауы да сәл өзгеріп, «Ембімұнайэнерго» басқармасы болып қайта құрылды.
«ҚазақОйл» ААҚ президенті болған кездерінде кен алаңдарын электрлендіру мақсатында жаңа басқарма құру туралы бұйрыққа (13 желтоқсан 1999 жыл) қол қойған Махамбет Демешұлы Батырбаев көпшілік алдында сөз алып, энергия саласында жеке басқарма құру туралы бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті.
Салтанатты шарада арнайы дайындалған концерттік бағдарлама жұртшылықтың назарына ұсынылды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 және 2019 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 041 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.