сайт статистики

Жылыойлық мұнайшылардың қайырымды көмегі

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі қарсаңында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ жұмыскерлері ерікті түрде қаражат жинап, Жылыой ауданының әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетті. Қайырымдылық көмекке ие болған аудан тұрғындары Құлсары қаласының «Алтын сарай» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарханның құрметті қонағы болды.

- «Ембімұнайгаз» АҚ-ң Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы Жақсыбековтің облыс және аудан тұрғындарына қайырымдылық көмектер көрсету бастамасы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында да өз жалғасын тапты.

Қайырымдылық шарасына басқарма қызметкерлері мен жұмысшыларынан 2 млн теңге қаражат жиналып, он екі отбасыға азық-түлік, жеміс-жидектер табысталып, барлық балаларына қажетті киімдерін алып берді. Бір отбасының мүмкіндігі шектеулі баласына Нұрсұлтан қаласына барып емделіп келуі үшін қаржылай көмек көрсетілді, - «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ бастығы Ғибатолла ШАНАЕВ.

   Сонымен қатар, мерекелік шара барысында басқарма ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік жұмысшылар түрлі марапаттармен марапатталды. «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасымен Прорвадағы мұнайды дайындап айдау цехының тоқпен және газбен дәнекерлеушісі Мақсот Тәжіғалиев, зерттеу жұмыстар цехының ұңғыларды зерттеу операторы Клара Ибраева, механикалық-жөндеу шеберханасының шебері Қайржан Тоқсанов, Құлсарыдағы өндірістік құралдарды жөндеу және пайдалану цехының жөндеушісі Сайлау Амиров, Құлсарыдағы ұңғыларды жерасты жөндеу цехының операторы Келдібай Сариев марапатталды.

ЕМГ «Алғыс хаты» Құлсарыдағы автокөлік және арнаулы техникалар колоннасының жүргізушісі Есмұхан Мергенбаев, Прорвадағы нысандарды ағымдағы жөндеу учаскесінің тасқалаушысы Тұрлан Бисалиев, Құлсарыдағы өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға қызмет көрсету учаскесінің шебері Гүлмира Бисембаева, Прорвадағы өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарға қызмет көрсету учаскесінің жөндеуші-дәнекерлеушісі Асылбек Құдабаев, есеп жүргізу бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сатангулова және Прорвадағы автокөлік және арнаулы техникалар колоннасының жүргізушісі Оңғарбек Қапаров табысталды.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс  қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 және 2019 жылғы 9 айының қорытындысы бойынша  республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трл 041 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.