сайт статистики

Ембідегі дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесі

2019 жылғы 11 желтоқсанында  «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания)  бас кеңсесінде «Шын жүректен» атты қайырымдылық көрме- жәрмеңкесі  өтті. Компания бойынша осымен үшінші рет ұйымдастырылған  қайырымдылық шарасында Атырау қаласының белгілі қолөнершілері, суретшілерінің 70-ке тарта  авторлық туындылары және Орталық басқару аппараты қызметкерлерінің өздері дайындаған бұйымдары қойылды.

- Соңғы уақытта Компания бойынша дәстүрге енген қайырымдылық көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырудағы  мақсатымыз –  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары  және денсаулығына байланысты үйден білім алып жатқан балаларға  жаңа жылдық көңіл күй сыйлау. Демек, биылғы қайырымдылық көрме-жәрмеңкесінен түскен   қаражат толығымен  жоғарыда аталған  балаларға жаңажылдық сыйлықтар алуға жұмсалады,-деді жәрмеңкенің ашылу салтанатындағы сөзінде  ЕМГ Басқарма  төрағасының жалпы мәселелер бойынша орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Ембілік мұнайшылар атынан жаңа жылдық сыйлыққа ие болатын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары  және денсаулығына байланысты үйден білім алып жатқан балалар тізімі   Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе жасақталуда.

Жергілікті өнер адамдарынан басқа Орталық басқару аппаратының қызметкерлері  Анжела Бударина, Светлана Есімғалиева, Рауан Сабиров, Ботагөз Маханова, Айымкүл Жұмақұлова, Алтынгүл Тасбаева, Айнұр Танкашевалар да  жәрмеңкені өткізуге белсене атсалысып, өздері дайындаған бұйымдары мен тағамдарын ұсынды. Қайырымдылық көрме-жәрмеңке жұмысына  Компанияға қарасты барлық басқармалардың ұжымдары да зор үлес қосты. 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс  қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 және 2019 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша  республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трл 041 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.