сайт статистики

Байырғы кен алаңдарына жаңа технологиялар

«Ембімұнайгаз» АҚ  (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында (МГӨБ) болып, өндіріс және  әлеуметтік салалардың жұмысымен жан-жақты танысты. Басшының өндіріске арналған сапарына Компанияның өндіріс саласы, техникалық қауіпсіздік, күрделі құрылыс және кен орындарын игеру, материалдық-техникалық қамту, корпоративтік қауіпсіздік және жұмылдыру жұмыстары салалары бойынша жауапты мамандар қатысты. 

Ембі өндірісінде негізінен байырғы кен алаңдары игеріліп жатқаны рас. Біздің алдымызда тұрған өзекті жәйттің бірі – осы байырғы кеніштерде өнім өндіру көрсеткішін тұрақтандыруға жол ашатын жаңа әдістер мен технологияларды іске қосу.  Ембі өндірісінде  өнім өндіру көрсеткішін арттыруға жол ашатын  жаңа мұнай қабаттарын игеру жұмыстары  кеңінен қолға алынады - деп атап өтті өз сөзінде Ә.ЖАҚСЫБЕКОВ «Қайнармұнайгаз» МГӨБ «Шығыс Молдабек» кен алаңында болған кеңейтілген жиында. 

Сапар барысында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-ның Шығыс Молдабек кен алаңының өнім өндіру барысы, полимерлік суландыру қондырғысының жұмысы, өндіріс нысандарын сумен қамтуды жақсартатын Солтүстік Қотыртас кен алаңындағы су көтергіш қондырғысы құрылысының жүру барысымен танысты.  

«Доссормұнайгаз» МГӨБ-да жалғасқан сапар кезінде  ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ   өндірісішілік жолдар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында Компания басшылығы МГӨБ-ның өндірістік және шаруашылық қызметтерінің тоғыз айдағы есебін тыңдады.       

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09;

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.