Қарашүңгіл: қазақ мұнайының бастауы
Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында ембілік мұнайшылар «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) келісімшарт аумағындағы Қарашүңгіл жерінде болды. Мұнда сонау 1899 жылы алғаш мұнай бұрқағы атқылаған тарихи №7 ұңғыма орналасқан.
Салтанатты шараға «Ембімұнайгаз» АҚ мен Солтүстік Каспий жобасы NCOC компаниясының өкілдері, сала ардагерлері, ЕМГ қызметкерлері мен зейнеткерлері, республикалық және облыстық БАҚ тілшілері мен блогерлер қатысты. Шараға жиналғандар қасиетті қорымға арнайы ат басын бұрып, ата-бабаларымыздың рухына дұға бағыштады.
Бұдан кейін жиналғандар құтты мекен - Қaрaшүңгіл қорымындағы жаңартылған ескерткіш тұғырдың ашылуына қатысты.
- Бұл жерде ел экономикасының күретамыры саналатын қазақстандық мұнай-газ саласы бастау алды. Өткен жылдың өзінде отандық мұнай саласы Ұлттық қорға 5 триллион теңгеден астам қаражат құйды. Ірі салықтөлеушілер қатарында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы да бар. Компания өткен жылы ел бюджетіне 500 миллиард теңге аударды, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.
Шара соңында ардагер-мұнайшыларға құрмет көрсетіліп, мерекелік дастархан жайылды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.