Ембі тарихында алғаш рет велошеру өтті
Бүгін, 2019 жылғы 24 тамыз күні Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) тарихында алғаш рет ЕМГ Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбековтің бастамасымен Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай велошеру өтті. Салауатты өмір салтын насихаттайтын бұқаралық шараға 150 ембілік мұнайшы – орталық басқару аппараты мен барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелер қызметкерлері қатысты.
- Қарашүңгіл құрылымында алғаш мұнай фонтаны атқылағанына 120 жыл толуына арналған велошерудің ашылу салтанатына қош келдіңіздер. Бұл – тек Компания үшін ғана емес, бүкіл ел үшін айтулы оқиға. Ембі алаңдарында отандық мұнай-газ саласының негізі қаланып, қазіргі таңда ел экономикасының күретамырына айналды. Компания үшін басты құндылық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы саналады. Сондықтан, Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған көпшілік шараларды біз спорттық шаралардан бастап отырмыз. Мәселен, кеше Ембінің тарихында тұңғыш рет компания мұнайшылары арасында Мұнайшы барысы» түйе палуандар жарысы өтті. Велошеру мақсаты – ғасырға жуық уақыт бойы еліміздің жарқын болашағы мен дамуы үшін «қара алтынды» тауып өндірген барлық ембілік мұнайшыларды еске алу, - деді велошерудің ашылу салтанатында ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.
Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған шеру Компанияның бас кеңсесінің басталып, шабандоздар Ш.Уәлиханов – Махамбет – Баймұханов көшелерімен бойымен өтіп, бас кеңсеге кері оралды. Атап өтерлігі, шеруге жас мамандармен қоса, зейнеткерлік жасқа таяп қалған қызметкерлер де қатысты. Шараны ұйымдастырушы Компанияның Жас мамандар кеңесі мен әлеуметтік саясат және инфрақұрылымдық нысандарды басқару департаменті болды.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.