Ембілік мұнайшылар 8 көпбалалы отбасыға үй сыйға тартуда
Бүгін «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен Атырау облысының 5 ауданындағы көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана кілттерін табыс ету шаралары басталды. Ембілік мұнайшылар атынан баспаналарды тапсыруға қатысты салтанатты шаралар: бүгін Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында, Исатай ауданының Исатай стансасы мен Аққыстау селосында, 12.06.2019 ж. - Қызылқоға ауданының Жамансор елді мекені мен Мұқыр ауылында, 13.06.2019 ж. - Жылыой ауданының Құлсары қаласында, 17.06.2019 ж. - Мақат ауданының Мақат пен Доссор кенттерінде өтеді.
- 2019 жылдың наурыз айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Атырау облысындағы сапарында бизнес өкілдерімен болған кездесу барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын қолдап, табысы төмен тұрғындарға тұрғын-үй бойынша қолдау көрсету туралы мәселелерді нақты атап өткен болатын. Біздің Компанияда мұқтаж жандарға қолдау көрсету дәстүрге айналғандықтан, мен компания қызметкерлеріне баспаналары жоқ, қиын жағдайда тұрып жатқан жерлестерімізге бір күндік жалақы есебінен көмек ұйымдастыру жөнінде үндеу жарияладым. Ұжымдағы бірлік пен татулықты байқатып, бір ауыздан қолдау көрсеткен ұжымға алғысым шексіз. Рамазан айы қарсаңында жиналған қаражатқа Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға аудандарында 3 пәтер мен 5 үй алынды. Ембілік мұнайшылардың үлесімен облыстағы көп балалы, аз қамтылған сегіз отбасы баспаналы болды. Енді балаларына дұрыс тәрбие беруге жағдай бар деп есептеймін, -деп атап өтті өз сөзінде ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы ЖАҚСЫБЕКОВ.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы ЕМГ қызметкерлерінің жалақысы есебінен жинаған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Атырау қаласындағы 4 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылғызілікті қарияға жаңа баспана салынып берілді. 2016 жылы Атырау қаласындағы балаларының екеуі ауыр дертке шалдыққан көп балалы отбасыға жаңа баспана салынды. 2018 жылы Компания ұжымы қатты нөсерден зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына да қолдау көрсетті. ЕМГ ұжымының бір күндік жалақысы есебінен жиналған қаражат «Біздің қала-Зырян» қайырымдылық қорына аударылып, Малеевск, Зубовск, Зырян қаласының шеткі мөлтек аудандарындағы баспанасы жөндеуге келмейтін жанұяларға 4 пәтер мен 3 үй алынды.
Биыл игі шара жалғасып, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, мұқтаж жандардың тізімі анықталып, оларға баспана кілті табыс етілді. Сонымен қатар, бұл жанұяларға азық-түлікпен де көмек көрсетілді.
Жиналған қаражат есебінен:
- Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы ауылында көп балалы В.КИМНІҢ отбасына үй сатып алынды. Отбасында 6 бала тәрбиеленуде.
- Исатай ауданында Исатай ауылындағы көп балалы Б.СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ отбасына үй берілді (10 бала). Аққыстау селосынан көп балалы жанұя - А. ОРАЗАҚОВТЫҢ (5 бала) отбасына берілді.
- Жылыой ауданында Құлсары қаласында көп балалы жанұя - Г. ҚАРАМОЛДИЕВАНЫҢ отбасына (5 бала) берілді.
- Мақат ауданында 2 баспана:
Мақат кентіндегі көп балалы отбасы Г. АБДЕНОВАНЫҢ жанұясына (7 бала) және Доссор кентінде А.СЕИТОВАНЫҢ отбасына (6 бала) берілді. - Қызылқоға ауданы бойынша 2 баспана:
Жамансор елді мекеніндегі жалғызбасты әке, мүмкіншілігі шектеулі Е. ЕРСАЙЫННЫҢ отбасына (2 бала) және Мұқыр ауылындағы жалғыз басты ана А.БАКИШЕВАНЫҢ отбасына (2 бала) берілді.
«Ембімұнайгаз» АҚ құрылған 1922 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қала түзуші және әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырмайтын кәсіпорын болып саналады. Бұл принциптер Компания миссиясында да көрсетілген. Компания әлеуметтік және бизнес мүдделердің тепе-теңдігін сақтау арқылы жұмысшыларға тұрақтылықты, акционерлерге тиімділікті қамтамасыз ету үшін өндірістік қызметті жүзеге асырып, әлеуметтік қолдау бағытына да көңіл бөледі.
«Ембімұнайгаз» АҚ - 1922 жылдан басталған тарихынан күні бүгінге дейін өнім өндірумен қатар әлеуметтік салаға бағыт ұстаған отандық компания. Компания өзінің қызметкерлеріне және акционерлер үшін тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қызмет етуде. Компанияның ұстанған басты бағыты қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтау, бұл орайда 2018 жылы апатты жағдайлардың орны алу көрсеткіші нөлдік деңгейді көрсетті. 2012 -2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897,1 млрд. теңгеден астам, соның ішінде 2018 жылы -199,2 миллиард теңге аударылды. Осы кезеңдерде Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат, соның ішінде 2018 жылы -1,9 миллиард теңге аударылды.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ– «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ қызметін ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.