«Ембімұнайгаз» АҚ геологтары «Атыраугео – 2019» V мерейлі геологиялық конференция жұмысына қатысты
23-24 мамыр күндері Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақүйі залында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің және «KAZENERGY» қауымдастығының қолдауымен, Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының ұйымдастыруымен «Атыраугео – 2019» V мерейлі геологиялық конференция өтті. Конференцияның басты тақырыбы – «Қазақстандағы мұнайдың және газдың таяз қабаттарын барлау» болды.
- Биыл қазақ мұнайына 120 жыл толып отыр. Бүгінде ірі жобаларды жүзеге асыра отырып, біз Қазақстанның мұ.ай-газ кешені бастау алған Ембі, Торғай, Маңғышлақ, Бузачи кен алаңдарын ұмытпуымыз керек. Сондықтан, конференция бағдарламасына геология және тұзүсті кен алаңдарын геологиялық барлау, игерудің соңғы кезеңдеріндегі және жоғары тұтқырлығы жоғары кен алаңдарын игеру тақырыптарындағы бірнеше баяндамалар енген, - деді кіріспе сөзінде Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВ.
Конференция барысында ЕМГ геологтары: геологиялық барлау жұмыстары департаменті геология бөлімінің аға геологы Жұлдыз АРЫҚБАЕВА («Триас қабаттарында мұнай мен газды іздеу. «Ембімұнайгаз» АҚ тәжірибесі - Солтүстік Уаз кен алаңын ашу» Авторлары: Ж.Арықбаева, Е.Тасеменов), геология және кен орындарын игеру департаментінің геологиялық-гидродинамикалық модельдеу бөлімі басшысы Ерлан МҰҚАНОВ («Ембімұнайгаз» АҚ-дағы игерудің соңғы сатысындағы кен алаңдарында мұнай қорын табудың заманауи әдістері») баяндамаларын оқыды.
Конференция бағдарламасы аясында қатысушыларға ЕМГ Өндірістік процесті бақылау орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында қонақтар «Интеллектуалды кен алаңы» жобасымен танысып, өздерін толғандырған сауалдарына тұшымды жауаптар ала білді. Сондай-ақ, конференция қонақтары ЕМГ интерактивті мұражайында болып, заманауи сандық технологиялардың көмегімен Ембі аумағындағы алғашқы зерттеу жұмыстарының жүргізілуі мен мұнайдың өндірілуі, мұнайды тасымалдаудың тарихи және заманауи жолдары, Ұлы Отан соғысы жылдарында ембілік мұнайшылардың ерлігі, Қазақстан Республикасы мен «Ембімұнайгаз» АҚ-да мұнай мен газды өндіруде қолданылған бұрынғы және заманауи технологиялар туралы ақпараттарға қанығып, Медиа-орталық жұмысымен танысты.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.