сайт статистики

Атырау облысындағы тағы бір салалық білім ордасына «Ембімұнайгаз» АҚ-ның даңқты мұнайшысының есімі берілді

22 мамыр күні Құлсары қаласында Жылыой мұнай технологиялық колледжінің 55 жылдығына және оған қазақтан шыққан тұңғыш инженер-мұнайшы Сафи Өтебаевтың есімінің берілуіне орай салтанатты шара өтті.   

Салтанатты шараға Жылыой аудандық әкімдігінің, ЕМГ-нің, облыстық және аудандық білім беру бөлімдерінің, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ институтының, «Атамекен» Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, облыстық колледждер басшылары, С.Өтебаевтың туыстары, аталған оқу орнының ұстаздары мен студенттері қатысты.

- Сафи Өтебаев Құлсары, Комсомол, Прорва, Кеңқияқ, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай және Өзен кен алаңдарын алғаш ашушы мұнайшылардың бірі болып табылады. Ол еліміздің мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлесін қосты. Бүгінде Ембі мұнайшылары осы сара жолды: ресурстық базаны толықтыру, ел экономикасының мүддесі компания жұмысшыларының әл-ауқатын жақсарту үшін мұнай мен газды тиімді өндіруді қамтамасыз ету, өндірісті цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды абыроймен жалғастырып келеді. Компания студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастырып, дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру арқылы отандық мұнай-газ саласы үшін білікті мамандарды дайындауда үлкен үлес қосып келеді. Тек Жылыой мұнай технологиялық колледжімен арадағы серіктестік аясында ЕМГ кен алаңдарында жыл сайын 40 студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Дуалды оқыту бағдарламасы аясында 2015-2018 жылдар аралығы мен 2019 жылдың 1-тоқсанында 97 тәлімгер өндірістік алаңдарда оқудан өтті. Тесттік сынақ кезінде жоғары балл жинақтаған 40 студент Компанияға жұмысқа қабылданды, - деп атап өтті ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаменті директорының орынбасары Ғибрат АУҒАНОВ.

              Салтанатты шара аясында колледж ғимараты мен мамандықтарға сай жабдықталған сынып бөлмелеріне экскурсия ұйымдастырылып, Сафи Өтебаев мұражайы ашылды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын және ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

              Сафи Өтебаев – «КСРО Құрметті мұайшысы» (1969), Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері (1969). Сафи Өтебаев 1909 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келді. Баку мұнай институтын қазақтардың арасында алғаш бітіргендердің бірі болды (1935). 1935-45 жылдары «Ембімұнай» бірлестігінің Мақат, Байшонас, Құлсары, Комсомольск мұнай кәсіпшіліктерінде инженер, басшы жұмыстарын атқарды. 1945-51 жылдары аралығында Қазақстан КП Ембі аудандық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1951-57 жылдары «Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы болып қызмет атқарды. 1957-65 Атырау, Батыс Қазақстан облыстық халық шаруашылық кеңесінің төрағасы болды.

1965 – 1971 жылдары республика министрі ретінде «Қазақстанмұнай», кейін «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің басшысы; 1971 – 1980 жылдары Қазақ КСР-і Жоспарлау комитетінің ғылыми-техникалық информация институты бастығының орынбасары болды;  КОКП-ның XXII-XXIV съездеріне делегат болып сайланып, ҚазКСР және КСРО Жоғары кеңесіне бірнеше мірте депутат болды. «Ленин», «Октябрь революциясы», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» (екі мәрте), «Құрмет белгісі», «Отан» (1999), І дәрежелі «Барыс» (2004) ордендерімен және бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.