Ембінің Жас мамандар кеңесінде – жаңа жетекші
18 қаңтар күні «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Жас мамандар кеңесінің есептік жиыны өтті. Жиын барысында Кеңес төрағасы, қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің кадрларды даярлау жөніндегі жетекші инженері Серік ШЫҒАНОВ аталмыш ұйымның 2013-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, жиынға қатысушыларды 2019 жылғы жұмыс жоспарымен таныстырды.
- Компанияның басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде жастар ұйымдары құрылған кезден бастап, жас мамандардың ұйымдастыруымен 35-тен астам қайырымдылық, танымдық, мәдени-көпшілік шаралар өтті. Соның ішінде, ембілік жастар 2015 жылғы көктемде Атырау қаласында болған қатты нөсер жауын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде де белсенділік танытты. Ұжым жинаған қаражатқа тұрғындардың аулаларында жиналған су айдалып, қажетті тауарлар, азық-түліктер сатып алынды. 2018 жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына Ембінің үлкен ұжымы көмек көрсеткен кезде біз аталған ауданның Жастар ресурстық орталығымен бірігіп, баспаналары жарамсыз болған, үй алуға мүмкіндіктері жоқ отбасыларын анықтадық. Естеріңізге сала кетейік, ембіліктердің жинаған қаражатына 3 үй мен 4 пәтер алынды, - деп атап өтті С.Шығанов өзінің есептік баяндамасында.
Есептік жиын кезінде ЕМГ Жас мамандар кеңесінің жаңа жетекшісі сайланды. Жастар ұйымына 5 жыл бойы жетекшілік еткен С.Шығановтың орнына қоғаммен байланыс қызметінің маманы Айгүл Ертлеуова Жас мамандар кеңесінің жетекші болып сайланды. Сонымен қатар, күн тәртібіне сәйкес бастамашы топтың мүшелері де анықталып, Кеңестің 2019 жылға арналған жұмысының басты бағыты айқындалды.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.