сайт статистики

Ембіліктер – мемлекеттік марапаттар иелері

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Елордада өткен салтанатты жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ» Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев ұлттық компанияның бір топ қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттарын ұсынды. «Доссормұнайгаз» МГӨБ №1 «Ботақан» мұнай және газ өндіру цехының 5-разрядты операторы Қасен ОҢАЙБАЕВ Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Қасен Қабиұлы еңбек жолын 1981 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің «Доссормұнай» МГӨБ-нің Қарсақ кен орнында оператордың көмекшісі болып бастады. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, аталған кен орнында жұмысын жалғастырып, екінші, үшінші, төртінші разрядты мұнай және газ өндіру операторы болып қызмет етті.

1990 жылдары оның басшылығымен операторлар бригадасы ұңғымалардағы топтық өлшем қондырғысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, ол қысыммен жабдықталған мұнай мен газ сепараторын және басқа да қондырғыларды орнатуға да атсалып, мұнай өндіру жоспарын орындауға үлкен үлес қосты.

Қасен Қабиұлы 2005 жылдан бастап 1 «Ботақан» мұнай және газ өндіру цехында 5 разрядты оператор болып еңбек етуде.

Мұнай-газ саласындағы ұзақ жылдар бойғы қызметінде ол өз ісінің шебері екені аңғартты. Қасен Қабиұлы өндірістік процесті ұйымдастыруда өзін біліктілігі жоғары білікті маман ретінде танытты. Жоғары кәсіптік деңгей және өз ісіне деген жауапкершілік оған жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ол бар жиған тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандарға да тәлімгер болуда. Ұжым арасында құрмет пен беделге ие.

Мұнай-газ саласының дамуына қосқан ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін 2002 жылы Ботахан кен алаңының 20 жылдығына орай «Доссормұнай» МГӨБ-нің Құрмет грамотасымен, 2011 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Доссор кен алаңына 100 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталған.

***

Ел Тәуелсізідгі мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясында және өңірлік кәсіподақтар орталықтарында әртүрлі салада жұмыс істейтін еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

Кәсіподақтар федерациясының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен экономиканың түрлі саласында еңбек ететін ең үздік мамандар лайықты наградаларын алды. Соның ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжеғали ШАҢҚАНОВ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Әріптестерімізді лайықты марапаттарымен құттықтаймыз!