сайт статистики

Істі соңына дейін жеткіземіз

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Компанияның 2027 жылға дейін қабылданған Даму тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) аясындағы жобалардың жүзеге асу жағдайын талқылау мақсатында кезекті Стратегиялық сессия өтті.

Тұжырымдаманы талқылау шарасы  ЕМГ-нің 5 құндылығының бірі – «Істі соңына дейін жеткіземіз» тақырыбы аясында өтті. Екі күндік шараға Компания басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

- Бұл сессияның мақсаты бас компаниялардағы, әлемдегі және елдегі экономикалық жағдайларға орай Тұжырымдама аясындағы жобалардың өзектілігін арттыру, қазіргі уақыттағы Компания басшылығының алдында тұрған проблемалық мәселелерді талқылау және шешу жолдарын қарастыру болып табылады, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.

Сессияның алғашқы күні Тұжырымдаманың әр бағытына және ішкі және сыртқы орталар сараланып, жобаларға шолу жасалды, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау (HSE), қызметкерлерді дамыту (HR) және өндірісті автоматтандыруды дамыту (IT) бойынша функционалдық стратегиялар егжей-тегжейлі қаралды. Сонымен қатар, сыртқы факторлардағы өзгерістерге сай Компания дамуының қаржылық-экономикалық моделі сараланды және қауіптерді, үдерістерді басқару жүйесі қаралды. Жиын барысында ағымдағы қауіптер мен стратегиялық  жобалардың жүзеге асырылу жағдайы талқыланды. 

Қазақстандық марафоншы, Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Марат Жыланбаевпен әңгімелесу де сессияға қатысушыларға ерекше серпін берді. Ол өз сөзінде ешбір жағдайға берілмей, мақсатқа ұмтылу керектігін баса айтты. 

Сессияның екінші күні ЕМГ басқарушы құрамы «Жобаларды басқару» семинарына қатысып, Тұжырымдаманы талқылауды қорытындылады.

Естеріңізге сала кетсек, Компанияның Директорлар кеңесі 2018 жылы 24 сәуірде алдағы 10 жылға Тұжырымдаманы қабылданып, жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары жасақталды. ЕМГ-нің орталық аппараты мен барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде бекітілген Тұжырымдаманы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Стратегиялық жобалардың шешуші мәселелері басқарушы директорлар – жобалар менеджерлерінің (жетекшілік ететін бағыттары бойынша) тиімді қызметтің негізгі көрсеткіштері қатарына қосылды.  

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 833 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.