«Ембімұнайгаз» АҚ-да (ЕМГ немесе Компания) Басқарма төрағасы ұжым алдында 2018 жылғы 10 айының қорытындылары бойынша есеп берді
Есеп беру жиналысына Компания басшылығы, басқару аппаратының (бұдан әрі БА) мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің (бұдан әрі ӨҚБ немесе Басқарма) басшылары басшылық құрамы, департаменттер мен қызметтер қызметкерлері, цех пен әр бөлімшеніғ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің басшылары, ӨҚБ мен Компанияның кәсіподақ комитеттерінің жетекшілері қатысты.
ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ Компанияның барлық қызметкерлеріне еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстары мен жетістіктеріне алғыс білдірді. Айта кетсек, өткен 10 айда бірде-бір өлім немесе апаттық жағдайлар тіркелген жоқ.
- Бұл біздің ортақ жетістігіміз! Компания үшін ең маңыздысы – өндірістік көрсеткіштер емес, әр қызметкеріміздің үйі мен отбасына аман-есен оралуы екендігін бұған дейін де айтып келемін, - деді есеп беру жиынында ЕМГ басшысы.
Компания басшысының айтуынша, аталған кезеңде ЕМГ бойынша 2 миллион 398 мың тонна мұнай өндіріліп, мұнайды тапсыру жоспары 2 миллион 371 мың тоннаға орындалды. Ілеспе мұнай газын өндіру 135,96 миллион текше метрді құрап, жоспарланған көлемнен асып түсті. 2018 жылға мұнай өндіру мен тапсыру жоспарлы көрсеткіштерге сай келіп отыр.
Компания басшысы әрбір ӨҚБ-ның өндірістік, күрделі құрылыс, технологиялық үдерістерді автоматтандыру, жаңа жобалар мен технологияларды енгізу, өндірісішілік жолдар құрылысы бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне тоқталып, ЕМГ өндірістік блогы мен әр Басқарманың біріккен жұмысын ерекше атап өтті. БА-ның негізгі департаменттерінің жұмыс қорытындылары қаралып, анықталған проблемалардың шешілу жолдары сараланып, барлық сауалдар бойынша жетекшілік ететін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
- Компания әлеуметтік инфрақұрылымның материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Биылғы жылы Кенбай кен алаңында жаңа жатақхана мен Қисымбай және С. Балғымбаев кен орындарында 2 асхана пайдалануға берілді.
Компания өз қызметкерлерін бәсекеге қабілетті еңбекақымен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп келеді. 2018 жылдың 9 айында «Ұжымдық шартқа» сәйкес, 258 миллионға жуық теңге көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады. Бұған зейнеткерлерді қолдау бағытындағы әртүрлі төлемдер, жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары және тағы басқалар кіреді. Жұмысшылар демалыс және денсаулықтарын шыңдау орындарын өздері таңдай алады. Сонымен қатар, Компания жұмысшылардың шипажай-курорттық емдерінің де шығындарын өтейді, - деп Ә.Жақсыбеков әлеуметтік мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кадр саясатын жүзеге асыру мәселеріне ерекше көңіл бөлінді. Ағымдағы жылдың 10 айында қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті курстардан 4300-ден астам қызметкер өтті, 874 инженер-техник маман біліктілігіктерін арттырды, даярлау және қайта даярлау курстарынан 816 қызметкер (соның ішінде, 60 жұмысшы – профильді емес мамандық түрлерін оңтайландыру бойынша) өтті.
Кадрлық резервті қалыптастыру және дуалды оқыту бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша 2015 жылдан 2018 жылғы қараша айына дейін Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротекник жоғарғы колледжінің 74 студенті өндірістік білім алып, тәжірибеден өтті. Барлық тағылымгерге «3-разрядты ұңғыларды зерттеу операторы» біліктілігі берілді. 19 студент – «Сусыздандыру мен тұзсыздандыру қондырғысының операторы», 20 студент – «Мұнай және газ өндіру операторы» мамандықтары бойынша екінші біліктілікке ие болды. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған 37 студент Компанияға жұмысқа қабылданды.
ЕМГ-нің 220 жұмысшысы денсаулығына байланысты Компанияда жүзеге асып жатқан бірегей жоба – «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» бағдарламасын қолданды (58 жастан бастап бес жылға дейін ай сайынғы жалақысының 48-50% жәрдемақы ретінде беріледі). Аталған бағдарлама өмірінің көп жылдарын Ембі өндірісіне арналған жұмысшыларды қолдау мақсатында жүзеге асуда.
Компания басшысы, сонымен қатар, тәртіптік жазаның көпшілігі қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, жұмысқа деген немқұрайлы көзқарас танытқан, орта буын басшылары тарапынан бақылау жүргізбеген, қауіпсіздік техникасын сақтамаған қызметкерлерге қолданғанын атап өтіп, еңбек және орындаушылық тәртіпке баса назар аударды.
Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылуда. 2018 жылы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін 1,8 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінді.
- Көріп отырғаныңыздай, барлық бағытта да ауқымды жұмыстар жүруде. Осыған орай, ұжымға Ембінің өркендеуіне қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдіремін! Жылдың аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Алдымызда үлкен міндет тұр – 2 895 тонна көлемінде мұнай өндіріп, рекордты көрсеткішке қол жеткізу. Біздің кәсіби білікті мамандармен, ұйымшыл ұжыммен бұл мақсатқа қол жеткізерімізге сенімдімін, - деді сөзінің соңында Ә.Жақсыбеков.
Ұжым алдында есеп беру жиыны барысында Компанияның құндылықтары жөнінде түсірілген корпоративті фильм таныстырылып, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 833 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.