Спартакиада жүлдегерлері Басқарма төрағасымен кездесті
«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немес Компания) Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбеков ағымдағы жылдың 26-29 тамыз күндері Астана қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ» (бұдан әрі – ҚМГ АҚ) спартакиадасының финалдық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленген ЕМГ шағын футбол мен әйелдер волейбол командасының ойыншыларын қабылдады.
- Финалдық ойындарға отыздан астам компания қатысты. Солардың арасынан ІІІ орын алу оңайлықпен келмейтіні белгілі. Күнделікті жұмыстарынды жасап жүріп, спортпен шұғылданып, компанияның намысын қорғап жүргендеріңіз үшін Компания ұжымы атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Компанияда жұмысшылардың денсаулықтарын арттыру, спортпен шұғылдану бойынша үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Әлеуметтік, өндірістік жағдайларды шешуде де көп шаруалар қолға алынуда. Сондықтан, жұмыстарыңызды алға қарай да абыройлы жасап, алдағы күндеріңізге де сәттілік тілеймін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!, - деп Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков алғысын білдірді.
Айта кетсек, ҚМГ спартакиадасы үш кезеңнен тұрды. Алдымен, әр компания қызметкерлері өздерінің базасында жарысып, одан жеңгендер Қызылордада өткен ІІ іріктеу турында бақ сынасты. Бұл кезеңде ЕМГ-нің волейболдан ерлер мен қыздар командалары, шағын футбол командасы мен шахмат ойынынан қатысқан қызметкері І орын алып, Елордада өтетін финалға жолдама алған болатын.
Спортшыларды ынталандыру мақсатында Компания тарапынан біржолғы сыйақы берілді.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 833 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.