ЕМГ Директорлар кеңесі мүшелері өндіріс нысандарын аралады
24 қыркүйек күні «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесі мүшелері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Забурын кен алаңында болып, алдымен полимерлік суландыру жобасының жұмысымен танысты.
Айта кетсек, аталған жобаны іске асыру жұмыстары 2014 жылы жабысқақ мұнайлы кен орындарынан «қара алтынды» өндіруді тұрақтандыру мақсатында басталды. Қазіргі таңда полимерлік ерітіндіні екі ұңғымаға айдау нәтижесінде полимерлік суландыру аумағында тұрақты өнім беруге қол жеткізілді.
Забурын кенішінің негізгі аумағын толық қамту мақсатында су айдау ұңғымаларының саны 6-ға дейін өсті.
- Полимерлік суландыру технологиясын қосымша 4 ұңғымаға енгізу кен алаңында өнім беру деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аталған жоба базасында бұл технологияны өзге де кен алаңдарына таратуды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы жабысқақ мұнайды әзірлеу мәселелерін шешу, мұнайды бөліп алу коэффицентін арттыру және кен орындарын пайдалануға берудің экономикалық тиімділігін ұзартуға мүмкіндік алуды көздеп отырмыз, - деп атап өтті кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы Қайрат КӨЗОВ.
Сондай-ақ, директорлар кеңесі мүшелері аталған мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев кен алаңындағы ілеспе мұнай газын залалсыздандыратын газ дайындау қондырғысында болды.
Аталған қондырғының жылдық өнімі 20 млн. м3-ты құрайды. Ал, шикізат ретінде аталған өндірістік басқарма кен орындарының ілеспе мұнай газы пайдаланылады.
- Газ дайындау қондырғысынан алынған тауарлы газ 1666-2007 ҚР СТ талаптарымен сәйкес келеді. Сонымен қатар, 2188-2011 ҚР СТ талаптарына сай келетін тұрақты газ конденсаты қосымша өнім ретінде алынады. Тауарлы газ мұнай-газ өндіру басқармасының өз қажеттеліктеріне қолданылып қана қоймай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүйесі арқылы Исатай ауданының елдімекендеріне жіберіледі. Ал, тұрақты конденсат мұнайды дайындау және айдау цехына жөнелтіледі, - деді қондырғының жұмысымен таныстырған энергетикамен қамту және газ шаруашылығы жөніндегі басқарушы директор Бауыржан СЕЙТҚАЗИЕВ.
Қондырғыдан тауарлы газды толыққанды алу үшін «Аққыстау поселкесі -Тұщықұдық АГРС» және «Газ дайындау қондырғысы – Тұманды поселкесі» газ желілері құрылысының жұмыс жоспары жасақталды. Аталған газ желісі тауарлы газдың барлық көлемін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүйесіне кез келген уақытта таратуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аталған газ желілерінің құрылысы жүруде, іске асу мерзімі – 2018 жылдың соңы.
Барлық технологиялық үдеріс автоматтандырылған, яғни, оператор басқару пульты арқылы өндірісті онлайн жүйесінен бақылай алады.
Директорлар кеңесі мүшелері өндіріс алаңдарын аралап болған соң бас кеңседе жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады.