Ембілік мұнайшыларға компанияның стратегиялық жоспарлары таныстырылды
«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Компанияның 2027 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) түсіндіру шаралары басталды.
Тұжырымдаманы ұжымдарға түсіндіру мақсатындағы жиын ағымдағы жылдың шілде айында «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармасында (ӨТҚжЖКБ- де) өткен болатын.
Өткен бейсенбіде Басқарма төрағасының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары С.Ж.Нақпаев, келешекті дамыту жөніндегі басқарушы директор Ә.Ж.Байдүйсенов бастаған Компания қызметкерлерінің бір тобы «Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің кеңсесінде болып, басқару аппараты ұжымымен және өндірістік цех басшыларымен кездесті.
- ЕМГ Даму тұжырымдамасының стратегиялық жоспарлары Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттермен тығыз байланысты. Компанияда өндіріске жаңа технологияларды енгізу, өндірісті автоматтандыру, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, мұнай өндіру тиімділігін арттыру, сондай-ақ, инфрақұрылым мен мұнай сервисін дамыту бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді, - деп атап өтті Сәлімжан НАҚПАЕВ.
ЕМГ келешекте дамыту департаменті директорының орынбасары Әнуарбек КАРИМОВ Тұжырымдаманы қабылдау қандай нақты объективті факторлардың қажеттілігінен туындағанын айта келе, Компанияның бағдарламалық құжатында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындауға әр жұмысшының қосатын үлесі зор екендігін атап өтті.
Кездесу барысында қызметкерлер ілеспе газды қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыру, аталған Тұжырымдаманы іске асырудың Компанияға қосар экономикалық үлесіне қатысты сауалдар қойды. Мұнай сервистік құрал-жабдықтарды (сорап-компрессор құбырлары, электрлі ортадан тепкіш сорап қондырғылары, ұңғыларды жерасты жөндеу құралдары) уақытша пайдалану үшін сервистік қызмет көрсетуге көшу бағытында жоспарланып жатқан жұмыстар цех басшылары тарапынан оң бағаға ие болды. Олардың мәлімдеуінше, бұлар өндірістік үдеріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жасақталған кестеге сәйкес, Тұжырымдаманы түсіндіру мақсатындағы осындай жиындар жақын арада Компанияның өндірістік құрылымдық бөлімшелердің барлығында өтеді.
Қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);
Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.