Мұнайшылар тарихи-мәдени орындарға сенбіліктер ұйымдастырды
Республикалық деңгейде өтіп жатқан «Үстірт ескерткіштеріне – ел тағзымы» атты акцияға «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы белсенділікпен үлес қосты. Компанияға қарасты мұнай-газ өндіру басқармалары өз күштерімен сенбіліктер ұйымдастырып, мемлекеттің қорғауына алынған тарихи, мәдени ескерткіштер мен діни обьектілерге тазалау жұмыстарын жүргізді.
Мақат ауданының аумағында орналасқан «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының «Жас мамандар» кеңесінің бір топ мүшесі Байбақты атаның түнегіне, Байбақты атаның бағына сенбілік жасап, әктеу, сырлау, тазалау, көшет күтімі жұмыстарын жүзеге асырса, Жылыой ауданындағы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мамандары қазақ мұнайының алғаш бастау алған Қарашүңгіл жерінде болды. 1899 жылдың қараша айында мұнай табылған Қарашүңгіл жерінен қазақ мұнай-газ саласының тарихы басталады. Қарашүңгілді өз қамқорлықтарына алған ембілік мұнайшылар киелі жерге сенбіліктерді тұрақты ұйымдастырып отырады.
Қызылқоға ауданындағы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы осы өңірдегі тарихи орынның бірі – Кенбай атаның басында болып, әктеу, сырлау жұмыстарын жүзеге асырды.
Исатай ауданының аумағындағы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жас мамандары ХIХ ғасырда салынған шекаралық белгі – Таскран тарихи орнына тазалау жұмыстарын жүргізді.
Ембілік мұнайшылардың сенбілігі мемлекеттің қамқорлығына алынған тарихи-мәдени орындарға арналды. Сенбілік кезінде ағартушылық жұмыстар да қоса жүргізілді. Жастарға мәдени орындардың, ескерткіштердің тарихынан әңгімелер, естеліктер айтылды.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);
Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.