сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) алдағы 10 жылдық кезеңге Даму тұжырымдамасы бекітілді

Ағымдағы жылдың сәуір айында ЕМГ Директорлар кеңесі Компанияның 2027 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын бекітті.  Тұжырымдамада ЕМГ бизнесті дамыту, бағдарламалық құжаттарды, қаржылық-экономикалық модельдер (бизнес-жоспарлар) болжамын, тәуекелдерді басқару жүйесін, Компанияның жыл сайынғы бюджетін, инвестициялық жобаларды және т.б. дайындау кезінде басшылыққа алатын шешімдердің ережелері мен қағидалары анықталған. 

- Алдыңғы  «Ренессанс» стратегиясы Компанияның өндіру мен қор бойынша 2037 жылға дейін, ал, экономикалық көрсеткіштер бойынша 2019 жылға дейінгі дамуын көздеді. Көмірсутек шикізаты үрдісінің нарықтағы өзгерістеріне, Компанияның алдында тұрған стратегиялық міндеттері мен мыңдаған ұжым алдындағы жауапкершілікке байланысты алдағы 10 жылға бағдарламалық құжат қабылдау қажеттілігі туындады, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.   

Жаңа Даму тұжырымдамасына сәйкес ЕМГ-нің төмендегідей миссиясы анықталды: «Біз әлеуметтік және бизнес мүдделердің тепе-теңдігі арқылы  Компания жұмысшыларына тұрақтылықты, акционерлерге тиімділікті қамтамасыз ету үшін мұнай мен газды өндіреміз».

Компания «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның мемлекеттік және корпоративтік құндылықтарын негізге ала отырып, өз қызметі үшін маңызды саналатын төмендегі құндылықтарды анықтады:

Адам өмірі – біздің басты құндылығымыз. Өзіміз және әріптестеріміз үшін қауіпсіздік мәдениетін енгізу арқылы жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Жұмысқа келген қызметкер отбасына аман-есен оралуы тиіс.  

Әр істі соңына дейін жеткіземіз. Компания алға қойған мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізуге тырысады. Біз жақсы нәтижеге қол жеткізуге ынтасы жоғары жұмысшыларды бағалаймыз.

Туған жер мен Компанияға ұқыпты қарау. Компания қоршаған орта мен Компания мүлкіне ұқыпты қарайтын қызметкерлерді бағалайды. 

Кәсібилік. Компания өз жұмысшыларының кәсіби біліктілігін арттыру үшін барлық жағдай жасауда. Біз білімін жетілдіруге ынтасы бар жұмысшыларды бағалаймыз және кәсіби тұрғыда өсуге бәріне бірдей жағдай жасаймыз.  

Этика және жеке тұлғаға деген сыйластық. Компания сыйластық пен сенімге негізделген өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ұмтылады. 

Тұжырымдамада негізгі бөлімдерден бөлек Компанияның келешектегі даму бағыттары, шешімдерді қабылдау кезіндегі Компанияның стратегиялық артықшылығы, Компанияның басымдығы мен шектеуі, инвестициялық және дивидендтік саясаты жүргізу, ЕМГ-нің ұзақмерзімді ресурстық базаны жасақтау, жаңа активтерді алу, қолданыстағы кен алаңдарындағы өндіру тиімділігін арттыру, газ бизнесі, өндірістік инфрақұрылым және мұнай сервистік қызметті дамыту жөніндегі жоспарлары көрсетілген. Сонымен қатар, бағдарламалық құжатқа өндірісті автоматтандыру, бекітілген HSE, HR, функционалды стратегиялары, Компания дамуының түрлі жағдайларында Тұжырымдаманы жүзеге асыру қауіптері де қарастырылған.         

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.