сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немес Компания) Басқарма төрағасы ұжым алдында 2017 жылдың және 2018 жылдың І тоқсанының қорытындылары бойынша есеп берді

Есеп беру жиналысына басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, департамент басшылары мен қызметкерлері, Компания мен басқармалардағы кәсіподақ комитетінің жетекшілері қатысты.

«Ембімұнайгаз»  АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ атап өткендей, 2017 жылы ЕМГ 2 миллион 840 мың тонна мұнай өндіріп, мұнайды тапсыру жоспарын 2 миллион 806 мың тоннаға орындады. 2018 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мұнай өндіру мен тапсыру көлемі жоспарлы көрсеткіштерге сай келіп отыр.

- Компанияның сәтті қызметінің негізі өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы болып табылады. Бұл – біз үшін басты мәселе. Компания үшін жұмысшының өмірі мен саулығы маңызды. Өндіріс қауіпсіздігіне – тек техника қауіпсіздігі жөніндегі инженерлер ғана емес, қызмет көрсетуші техникалық персоналдан бастап бірінші басшыға дейінгі әр қызметкер ерекше мән беруі керек, - деп баса айтты өз баяндамасында ЕМГ басшысы.   

Баяндама барысында   өндіріс қызметінің 2017 жылғы және 2018 жылдың І тоқсанындағы қорытындысы тыңдалды.   Мұнай-газ өндіру басқармаларына және басқару аппараты департаменттеріне қатысты  барлық бағыттағы өндірістік қызметтер жан-жақты қаралып, анықталған проблемалардың шешілу жолдары сараланып, барлық сауалдар бойынша жетекшілік ететін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

- Бүгінгі таңда ЕМГ өз жұмысшыларының кәсіби дамуына барлық жағдай жасап, бәсекеге қабілетті еңбекақымен және маңызды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуде. 2017 жылы Компанияның 5 мыңға жуық жұмысшысы міндетті курстық оқудан, 974 қызметкер жұмыс мамандықтары бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өтіп,  478 адам кәсіби біліктіліктерін арттырды. Ауыр еңбекті қажет ететін жекелеген мамандықтар бойынша мұнайшыларды әлеуметтік қолдау аясында 2017 жылы қолданыстағы «Мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу» ережесіне өзгертулер енгізіліп, 58 жастан ай сайынғы еңбекақысынан 48%-50% көлемінде 5 жылға дейін жәрдемақы алып отыруға мүмкіндік берілді. Ал, әлеуметтік пакетке келер болсақ, 2017 жылы Компания «2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа» сәйкес, 3,9 миллиард теңгеден артық көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады. Бұған жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары, компанияның зейнеткерлерін қолдау мақсатындағы әртүрлі төлемдер және тағы басқалар кіреді, - деді Ә.Жақсыбеков.  

Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылуда. 2017 жылы әлеуметтік жобаларды: орта мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да нысандар құрылыстарын қаржыландыру үшін 755 миллион теңге қаражат бөлінді.

- «Ембімұнайгаз» - тарихы тереңде жатқан, материалдық-техникалық базасы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан компания. Жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, жұмысшылардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға қомақты қаражат бөліп, отандық мұнай-газ саласында көш бастап тұрған компаниялардың бірі ретінде кәсіпорын өз алдына мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша жаңа міндеттерді қойып отыр. Ембінің келешегі кемел болуы үшін әрқайсысымыз бірігіп, жүйелі еңбек етуіміз керек, - деді сөзінің соңында Компания басшысы. 

Ұжым алдында есеп беру жиыны барысында «Мен – ембілікпін!» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.  

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау.«Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.