сайт статистики

Баспасөз хабарламасы. ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «Ембімұнайгаз» АҚ-да іс-сапармен болды

Баспасөз хабарламасы. ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «Ембімұнайгаз» АҚ-да іс-сапармен болды

Атырау, 18 маусым 2013 ж. ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Атырау облысына іс сапары барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-да болды. Кездесуге Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен ұжымы қатысты. Облыс басшысы алғашқы іс сапарын Атырау өңірінен бастаған министрге атыраулықтардың алғысын жеткізді.

Кездесуде сөз сөйлеген Ұ.Қарабалин Атырау өңіріндегі мұнай-газ секторының жаңалықтарына қысқаша тоқталып өтті.

«Қашаған» кен орындағы «Д» аралындағы атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысы бүгінде 98 пайызды құрап отыр, демек теңіздегі ұңғымалардан мұнай өндіру жұмысы таяу күндерде жүзеге асатын болады,-деген министр осы мақсатта облыс аумағында нәтижесін тауып жатқан ауқымды жұмыстарға ризашылығын да атап өтті.

Кездесу барысында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Жұмабек Жамауов 2013 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған іс-шараларға тоқталды.

2012 жылдың 1-қазанынан бастап акционерлік қоғам мәртебесін алған «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты 40 мұнай кен алаңының 36 кен алаңында мұнай игерілуде. 4 кеніш консервацияда. Акционерлік қоғамның биылғы жылға арналған өнім өндіру жылдық жоспары 2 млн. 830 мың тоннаны құрайды. 2013 жыл басынан бері алты айдың қорытындысы бойынша жоспардың орындалуы 100,6 пайызды құраса, өнім тапсыру жоспары 100,8 пайызға орындалған.

Бұл «Ембімұнайгаз» АҚ-да еңбек етіп жатқан 5 548 адамның ортақ еңбегі. Кен алаңдарында геологиялық-техникалық шаралардың дер кезінде жүзеге асуы, жаңа ұңғымалардың уақытылы пайдалануға тапсырылуы жоспарды орындауға оң ықпалын тигізіп отыр,-деді Ж.Жамауов.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамның бас директоры күн тәртібінде тұрған өндірістің өзекті мәселелеріне де тоқталып өтті.

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты кейбір кеніштер Атырау-Ақтөбе республикалық автожолы бойында орналасқан. Республикалық автожолдың сапасыздығы шешімін күткен өзекті мәселенің бірі. Өндіріске мұнайшылар осы сапасыз жолмен қатынап істейді.

Уаз, Қондыбай кен алаңдары Тайсойған блогының құрамында. Тайсойған блогы Ресей еліне әскери полигон ретінде жалға берілген. Бұл аталған кеніштерде толық өнім игеруге қол байлау туғызып отыр. Тайсойған блогындағы мұнай қорын толық игеру «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құзырына берілуі Үкіметтік деңгейде шешілетін мәселе екенін және оның оң шешімін табуына ҚР Мұнай және газ министрінің ықпал етуі назарға берілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі